Алматыда арықтар жаңғыртылып, жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі күшейтіледі

15.07.2026 19:49

Жоба аясында жолға тым жақын орналасқан және терең арықтар ғана жаңғыртылады

Алматыда жазғы маусымда абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қасбеттен қасбетке дейінгі жүйелі реконструкция аясында тротуарлар кеңейтіліп, жаяу жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастырылуда, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда жұмыс небәрі жеті көшеде жүргізіліп жатыр. Бұл қаладағы арық желісінің шамамен 10-15 пайызын ғана қамтиды.

Жоба аясында жол мен жаяу жүргіншілер жолағына тым жақын орналасқан және терең арықтар ғана жаңғыртылады.

Мамандардың айтуынша, мұндай учаскелерде бұған дейін адамдардың арыққа құлап кету фактілері, тіпті адам өліміне әкелген қайғылы оқиғалар да тіркелген. Сондықтан өзгерістер ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Жауаптылардың айтуынша, жоба экологияға кері әсерін тигізбейді. Керісінше, жаңғыртылған арықтарға қоқыс аз түсетіндіктен, олардың бітелу және көшелерді су басу қаупі төмендейді.

«Біз арықтарды тек жаяу жүргіншілер жолына және велосипед жолағына тым жақын орналасқан учаскелерде ғана жабамыз. Бұл ең алдымен қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қала кеңістігін тиімді ұйымдастыру үшін қажет. Сонымен қатар арықтың беті жабылғаннан кейін ол жерге орындықтар, қоқыс жәшіктері, жарық шамдары сияқты шағын сәулет нысандарын орнатуға мүмкіндік туады», – деді Алматы қаласы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының бас маманы Абылай Жұмағазы.

Оқи отырыңыз: Ақпараттық жүйедегі қате мәліметке байланысты сот істі тоқтатты