Ақпараттық жүйедегі қате мәліметке байланысты сот істі тоқтатты

Қарағанды тұрғынына қате диагноз қойылғаны анықталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағанды тұрғыны Мадина Әбілдинова медициналық ақпараттық жүйедегі қателіктің салдарынан жүргізуші куәлігінен айырыла жаздады. Мемлекеттік деректер базасында оған негізсіз «эпилепсия» диагнозы енгізілген. Осы мәліметке сүйенген облыстық полиция департаменті азаматшаны көлік жүргізу құқығынан айыру туралы сотқа талап-арыз жолдаған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Мадина Әбілдинованың айтуынша, ол сотқа қатысты талап-арыз түскенін ресми хабарлама арқылы емес, WhatsApp мессенджерінен білген. Алғашында мұны алаяқтардың әрекеті деп ойлаған.

«Мамыр айында WhatsApp-қа жүргізуші куәлігімнен айыру туралы хабарлама келді. Қатты таңғалдым. Оның үстіне арызда менде эпилепсия бар деп көрсетіліпті. Менде мұндай ауру ешқашан болған емес. Бұл диагнозбен есепте тұрған жоқпын. Тіпті бала күнімде де мұндай дерт анықталмаған», – деді Қарағанды тұрғыны Мадина Әбілдинова.

Осыдан кейін ол бірден емханаға жүгінген. Дәрігерлер оның диспансерлік есепте тұрмағанын және ешқашан «эпилепсия» диагнозы қойылмағанын растаған. Ал күмәнді хабарлама жіберілген нөмірді бұғаттап тастаған.

«Маусым айының басында маған сот хатшысы хабарласып, сот отырысына келмегенімді айтты. Мен жағдайды түсіндірдім. Сонда маған бұл диагноздың жоқ екенін және диспансерлік есепте тұрмайтынымды растайтын анықтама әкелу керектігін ескертті», – деді Қарағанды тұрғыны Мадина Әбілдинова.

Кейін белгілі болғандай, дау мемлекеттік ақпараттық жүйедегі техникалық қателіктен туындаған. Қате мәлімет енгізген емхана азаматшаға мұндай диагноздың жоқ екенін растайтын анықтама беріп, кешірім сұраған.

«Әбілдинованың аталған диагноз бойынша диспансерлік есепте ешқашан тұрмағаны анықталды. Осыдан кейін полиция департаменті өкілінің өтініші негізінде сот істі қараусыз қалдырды. Сонымен қатар №3 емхана қызметкерлерінің пациенттердің дербес деректерін өңдеу кезінде жіберген заңбұзушылықтары бойынша денсаулық сақтау басқармасына жеке ұйғарым жолданды. Мұндай жағдайдың қайталанбауы және жауапты қызметкерлерді тәртіптік жауапкершілікке тарту үшін тиісті шаралар қабылданды», – деді Қазыбек би аудандық №2 сотының судьясы Данияр Тұрсынов.

Заңгерлердің айтуынша, мұндай жағдай басқа азаматтардың да басынан өтуі мүмкін. Сондықтан мемлекеттік ақпараттық жүйеден өзіне қатысты қате мәлімет анықталған жағдайда оны назардан тыс қалдырмауға кеңес береді.

«Егер деректер базасында қате анықталса, оны растайтын құжаттарды қоса тіркеп, уәкілетті органға мәліметтерді түзету туралы өтініш беру қажет. Егер өтініш қанағаттандырылмаса және қателіктің бар екеніне сенімді болсаңыз, сотқа жүгінген жөн. Мұндай істер Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс аясында қаралады», – деді Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Шырын Әмірғалиева.

Оқиға мемлекеттік ақпараттық жүйедегі бір ғана қателіктің өзі азаматтың құқықтарына елеулі әсер етуі мүмкін екенін көрсетті.

Оқи отырыңыз: Алматыда медицина қызметкерлеріне жаңа Конституциядағы өзгерістер түсіндірілді