Алматыда ауқымды сейсмикалық оқу-жаттығу өтті

Ботагоз Жокенкызы

Тоқсан сайын өткізіліп тұратын жаттығуға 1000-ға жуық қызметкер мен 150 техника бірлігі жұмылдырылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда ауқымды сейсмикалық оқу-жаттығу өтті. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті мен құтқарушылар апат кезіндегі іс-қимылды пысықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сейсмикалық жаттығу Жетісу ауданында салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің бірінде болды. Жоспары бойынша жойқын жер сілкнісі салдарынан ауыр заттар құлап, астында 3 адам қалып кеткен. Оларды қазір құтқарушылар мен кинологтар үйінді астынан алып шығады. Осылайша мамандар төтенше жағдай кезіндегі іс әрекеттерін пысықтауда. Сонымен қатар оқу-жаттығу барысында төтенше жағдай кезінде болған өртті сөндіру мен ашық аспан астында алғашқы медициналық көмек ұйымдастыру да енгізілген.

«Ұлттық ғылыми орталық Алматы қаласының аумағында сейсмикалық микрозоналау карталарын әзірледі. Соның негізінде құрылыс ережелерінің жинағы жасалды. Ең маңыздысы – жобалау кезінде құрылыс нормативтері мен құрылыс ережелерінің сақталуы», – деді Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев.

Бірнеше кезеңге жоспарланған жаттығу жұмыстары Төтенше жағдайлар министрлігінің «Алатау» жедел мақсаттағы оңтүстік базасында жалғасын тапты. Онда 5 мың адамға арналған шатырлы лагерьлер мен модульдік далалық госпитальдар орналастырылды. Мұнда апаттан жарақат алған тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, сүйек сыну, қан тоқтату, жараны таңу секілді тәжірибелік сабақтар өткізілді.

Шатырдың ішінде күрделі операцияны жасауға арналған барлық жабдық қарастырылған. Бір уақытта 50-ге жуық, ал тәулігіне 200-ге тарта адамға алғашқы дәрігерлік көмек береді. Мамандардың айтуынша, шатырды құруға шамамен 4 сағаттай уақыт кетеді. Сонымен қатар ауыр жүк көлігінің базасына орнатылған медициналық пункт те жұмыс істеп тұр.  Оның басты ерекшілігі апат болған жерге жедел жетіп, алғашқы көмекті дереу көрсетеді.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, мегополис бүгінде толықтай орталықтандырылған хабарландыру жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлерге 23 мыңнан астам арнайы QR тақтайшалар орнатылыпты. Бұл жүйе апат болған жағдайда тұрғындарға қажетті ақпарат береді. Ал жиналу пунктерін 2 гис қосымшасы арқылы көруге болады.

«Алматы қаласының тұрғындары әрдайым сейсмикалық жаттығуларға дайын болуы керек. Сонымен қатар мобильді ұялы телефондарға «ЧС Алматы» қосымшасын жүктеп алып, жер сілкінісі кезінде орындайтын 10 қарапайым қадамды білуге болады», – деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бағдат Шайзада.

Тоқсан сайын өткізіліп тұратын жаттығуға 1000-ға жуық қызметкер мен 150 техника бірлігі жұмылдырылды. Алайда іс-шара бұнымен шектелмеді. Сейсможаттығу қаладағы тағы бірнеше нысанда жалғасын тапты. Оның ішінде мектептер, ауруханалар, әлеуметтік мекемелер, өндірістік кәсіпорындар мен сауда орталықтары бар.

Олжас Омарбек, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Жауынгер үні: майданнан келген хаттар күйтабаққа қайта жазылады

Новости партнеров