Жауынгер үні: майданнан келген хаттар күйтабаққа қайта жазылады

Антологиялық еңбекке онға жуық жыр жинақталған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Соғыс даласындағы сарбаздың сағынышты сәлемін жеткізген сарғайған хаттар сырға толы. Оларды зерттеп, зерделеу – бүгінгі буынның еншісіндегі іс. Осыны ескерген Сыр бойындағы мәдениет өкілдері үшбу хаттағы жауынгер жазған жолдарды жыраулардың қоңыр үнімен таспаға түсіруді бастаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қамыққан көңілді, жабыққан жүректі жұбатып, дала поштасынан жеткен үшбу хат әр жауынгерге рух сыйласа, елдегі әр шаңырақтың үмітін үрлеп, ертеңге деген сенімін оятты. «Хат жазамын майданнан мейірімшіл ғазиз анама». Бұл –ақын Нұрсұлтан Жұбатовтың сұрапыл соғыс кезінде туған жерге жолдаған өлең жолдарынан үзінді. Ал оны белгілі жыршы Рысбек Әшімов Сыр сүлейлерінің сарынымен тамаша туындыға айналдырды. Шығарманың орындалғанына 40 жылға жуықтаған. Құнды мұраны мамандар мұрағат қорынан тауыпты.

Майдан даласынан рухты жырларын жолдаған жауынгер ақынның тағы бірі – қармақшылық Әбзәли Егізбаев. «Қастасқан жауды жеңеміз, Жеңіп, елге келеміз» деп көптің көңілін демеген шығарма жаңа жинаққа жан бітіріп тұр.

«Көптеген ақын-жыраулардың шығармалары, ән-жырлары қолымызға тиіп жатыр. Нұрсұлтан Жұбатовтың «Майданнан хат», «Майданға хат» жырлары белгілі жырау Рысбек Әшімовтің орындауында қолымызға тиді. Көшеней Рүстембековтің Әбзәли Егізбаевтың жырларын орындаған», – деді филармония басшысының орынбасары Амандық Бүрлібаев. 

Бүгінде майдангер ақындардың сағыныш хаты жыршылардың орындауында күйтабаққа топтастырылып, ғылыми тұрғыда жүйеленіп жатыр. Әзірге онға жуық жыр жинақталған. Антологиялық еңбек әлі де толыға түспек. Мақсат – соғыс жырларын бір арнаға тоғыстыру.

«Бұл хаттарды зерделеп, қарап отырсаң тіпті тарихи сұрақтардың жауабын тауып жатасың. Ол туралы белгілі мұрағатшы, журналист марқұм Мақұлбек Рысдәулеттің кітаптарынан көп кездестіруге болады. Сарғыш тарта бастаған хаттарды оқып, зерделеген кезде, сонау соғыс сұрапыл жылдары майдан даласында бір сәт тыныштық тауып, блиндажда, госпитальде немесе окопта отырып жауынгерлердің елді сағынышпен еске алып, хат жазып отырған жауынгердің бейнесі елестейді», – деді Жыраулар үйінің ғылыми қызметкері Феруза Оңталап

Жыршы Бексұлтан Орынбасар – құнды қолжазбаларды қоңыр үнімен әуелетіп, тарихқа таспалаушылардың бірі.

 «Үрмәш Түктібаев – Ұлы Отан соғысында шейіт болған. Оны анасына естірту оңай болмаған. Сол шаруаны елдің ақсақалдары Нұрсұлтан Жұбатовқа сеніп тапсырған. «Майданнан хат» жыры шыққан. Оны майдангерлердің атынан Нұрсұлтан Жұбатов жазса, ал елдегі аналардың атынан «Майданға хат» деп Әбілхан Маханов жазған», – деді жыршы Бексұлтан Орынбасар.

Күңіренген күйтабақтар қайта тыңдалып, оларды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Таспаға жазылған үндер – ұмытылмауы тиіс рухани естелік. Бұл – тек өнер емес, тарих. Ұлы Жеңістің 80 жылдығында орай, жергілікті жыршылар 80 «Майдан жырын» жырлап, ел жадында мәңгілік алаудай маздатпақ.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Астанада әскери дрондар сайысы өтті

 

Новости партнеров