Алматыда балаларға арнап қолдан жаңбыр ұйымдастырылды

Сондай-ақ аптап ыстықта балаларға балмұздақ таратылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда аптап ыстыққа байланысты көшелерде ауаға су бүрку жұмыстары күшейтілді,  деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

«Қазгидрометтің» мәліметінше, 16-20 шілде аралығында қалада ауа температурасы қалыпты көрсеткіштен жоғары болады. Осыған байланысты коммуналдық қызметтер көшелерді суару жұмыстарын күшейтті.

Ал Жас қанат шағынауданында ыстық күндері балаларға арналған ерекше акция ұйымдастырылды.

Жеке кәсіпкерлердің қолдауымен өткен іс-шараға 200-ден астам бала қатысты. Балаларға балмұздақ таратылып, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары өрт сөндіру көлігімен қолдан жаңбыр жаудырып, салқын сергітті.

«Төтенше жағдайлар басқармасы аудан әкімдігімен бірлесіп, ауа райының күрт ысуына байланысты балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, қолдан жаңбыр ұйымдастырды. Мұндай іс-шаралар тек Түрксіб ауданында ғана емес, Алматы қаласының барлық ауданында өткізіліп жатыр», – деді Түрксіб аудандық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Береке Саухан.

Ата-аналардың айтуынша, мұндай бастама балалардың жазғы демалысын қызықты өткізуге мүмкіндік беріп, аптап ыстықты жеңіл өткеруге көмектеседі.

«Бүгін ұйымдастырылған шара үшін Алматы қаласы Түрксіб ауданының әкімдігіне алғысымды білдіремін. Ең бастысы – балалардың көңілі көтеріліп, қуанып қалды», – деді ата-ана Шыңғыс Имбетов.

Оқи отырыңыз: Алматыда жастарға арналған тоғызқұмалақ курстары ашылды