Алматыда биыл 9 мыңнан астам жас тегін кәсіби курстан өтті
Қалада 14 пен 35 жас аралығындағы 769 мыңнан астам жас тұрады
Алматыда биыл 9 мыңнан астам жас тегін кәсіби курстардан өткен. Бірі IT саласын меңгерсе, енді бірі менеджмент пен кәсіпкерлікке бет бұрған. Жас буынды жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың ғылыми жобалары мен тың бастамаларына қолдау көрсетуге де басымдық берілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда бүгінде 14 пен 35 жас аралығындағы 769 мыңнан астам жас тұрады. Бұл – қала халқының шамамен 32 пайызы. Қазір олардың кәсіби білім алуына, жұмысқа орналасуына, ғылым мен шығармашылықта өзін көрсетуіне арналған бірқатар жобалар бар.
Гузель Тұрғанова оқу бітірген соң кәсіби білімін жетілдіруге бел буыпты. Бойжеткен Skill All жобасы арқылы менеджменттің қыр-сырын меңгеріп, қазір жұмысқа кіріскен. Жыл басынан бері мұндай білім беру бағдарламаларына 9 мыңнан астам тұрғын тегін қатысқан.
«Жоба арқылы білім жинадым. Бәрі тегін, топта 20 шақты адам болды. Кейін менторымыз жобаларға шақырып, түрлі жерде тәжірибе жинадым. Енді міне, тұрақты жұмыс таптым», – деді Skill All жобасының түлегі Гузель Тұрғанова.
Жастарға тек мамандық меңгеріп, жұмысқа орналасу емес, өз идеясын жүзеге асыруға да мүмкіндік бар. Алматыда алғаш рет қолға алынған «Жастар қатысатын бюджет» жобасы – соның дәлелі.
Қала жастары экология, мәдениет, білім, цифрлық технология және абаттандыру бағыттарында жобасын ұсына алады. Ең үздік бастамаларға 500 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін қаржы қарастырылған.
«Қалада қандай мәселе бар және сол мәселенің шешімін ұсынатын түрлі жоба алып келді. Қазіргі таңда бірінші кезеңі өтті деп айтсақ болады. Жобалардың іріктеліп алынған тізімінен жастар ойын іске асыруға транш қаржысын алды. Қазіргі таңда сәтті бастап кетті десек болады», – деді Жастар саясатын дамыту қорының директоры Асқар Азамат.
Жастар саясатының тағы бір маңызды бағыты – тұрақты жұмыспен қамту. Қалалық мансап орталығы мен жастарға арналған комьюнити-орталықтар жұмыс іздеуге, түйіндеме әзірлеуге, сұхбатқа дайындалуға және кәсіп ашуға көмектеседі.
Ресми дерекке сәйкес, жыл басынан бері Алматыда 13 мыңнан көп жас екі қолға бір күрек тапқан. Оның 10 мыңнан астамы тұрақты жұмыспен қамтылса, 2,5 мыңнан көбі уақытша орналасыпты.
Әйкерім Пернебек, Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Алматы тау кластерін дамыту жобасы аясында «Almaty Tau Academy» ашылады