Алматыда «Біз – біртұтас Қазақстан халқы!» атты мерекелік концерт өтті

Іс-шара жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай ұйымдастырылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Біз – біртұтас Қазақстан халқы!» Алматыда дәл осындай атаумен концерт өтті. Іс-шара жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай ұйымдастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ашық аспан астында өтіп жатқан кеште қазақстандық эстраданың танымал әншілері мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. 

Жаңа Ата Заңның күшіне енуіне орай «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдында «Біз – біртұтас Қазақстан халқы!» атты мерекелік концерт өтті.

Кешке жиналған халық көп болды. Көрермендердің көтеріңкі көңіл күйін қазақстандық эстраданың танымал өнерпаздары еселей түсті. Сахнада Ерке Есмахан, Raim, Sadraddin, Ziruza, Айдана Меденова, «КешYOU», «Абырой», «Алаш ұлы» топтары және өзге де әншілер өнер көрсетті.

«Бүгін қазақ халқы үшін өте маңызды күн. Себебі жаңа Конституция күшіне енді. Біз, жастар, қашанда жаңа бастаманы қолдаймыз. Өзім Алатау ауданында тұрамын. Концерт жайлы естіп, арнайы келдім. Концерт өте қызықты өтті, маған ұнады», – деді қала тұрғыны Аяулым Ерғали.

«Алматылықтар бүгін керемет күнге куә болдық. Жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты мерекелік концерт өтті. Өте қуаныштымыз, өзім де Алатау ауданының тұрғынымын. Концертті тамашалауға келдім», – деді қала тұрғыны Таңсұлу Мәліқұлова.

Айта кетейік, бүгінгі күннің маңызы ерекше. Дәл бүгін жалпыхалықтық референдумда қабылданған конституциялық өзгерістер заңды күшіне еніп, елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған жаңа реформалар кезеңі басталды. Бұл мәдени іс-шара сол тарихи күнді атап өтіп, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді, Конституцияның құндылықтарын дәріптеуге арналған.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында бюджет қаржысын жымқырған лауазымды тұлғалар ұсталды