Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды
Түркістан облысында бюджет қаражатын жымқырған лауазымды тұлғалар ұсталды. Заңбұзушылық Сарыағаш ауданы прокуратурасы жүргізген тексеріс барысында анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құзырлы органның мәліметінше, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Аялы алақан» және «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары бюджет қаржысын заңсыз жұмсаған. Олар мемлекеттік сатып алу аясында жоқ тауарлар мен орындалмаған қызметтер үшін бюджеттен ақша алған.
Ал жауапты тұлғалар жеке кәсіпкерлермен келісіп, орындалмаған жұмыстар мен көрсетілмеген қызметтерге қабылдау актілерін рәсімдеген. Соның салдарынан бюджет қаражаты негізсіз аударылған.
«Прокуратура бастамасымен тағайындалған сот-бухгалтерлік сараптаманың қорытындысына сәйкес мемлекетке келтірілген материалдық залал көлемі 13 миллион 300 мың теңгені құрады. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», – деді Сарыағаш аудандық прокуратурасының прокуроры Ғазиз Іңкәрбек.
Оқи отырыңыз: Алматыда Ақсай өзеніндегі су деңгейіне байланысты жағдай тұрақты – ТЖД