Сенбілік барысында арнайы техника тартылып, аумақ тазартылды
Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қалалық аумақтарды санитарлық тазарту және көріктендіруге бағытталған сенбілік ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тазалық жұмыстары Наурызбай ауданындағы Карьерная көшесінде жүргізілді. Іс-шараға әкімдік аппаратының қызметкерлері, түрлі мекемелердің өкілдері, коммуналдық қызмет мамандары, еріктілер, кәсіпкерлер мен жергілікті тұрғындарды қосқанда, шамамен 150 адам қатысты.
Сенбілік барысында арнайы техника тартылып, аумақ тұрмыстық қалдықтардан жан-жақты тазартылды және оған іргелес учаскелер ретке келтірілді. Жалпы шығарылған қоқыс көлемі шамамен 50 текше метр.
Мұндай іс-шаралар қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға, қоғамдық кеңістіктерді көркейтуге және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.
Оқи отырыңыз: Төле би мен Райымбек көшелері аралығында Үлкен Алматы өзенінің жағалауы тазартылды