Екі жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін додада биыл 9 елден 55 өнерпаз бақ сынайды
Алматыда ХIII халықаралық Бибігүл Төлегенова атындағы вокалистер байқауы басталды. Екі жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін додада биыл 9 елден 55 өнерпаз бақ сынамақ. Ал алдын ала іріктеуден жалпы саны 120-дан астам адам өтіпті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Қатысушылар Бибігүл Төлегенованың репертуарындағы үздік туындыларын орындайды. Ал оларды әлемнің әйгілі театрларының әншілері мен тәжірибелі педагогтар бағалайды.
Еске сала кетейік, ән сайысы 1 қазанға дейін жалғасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, музыкалық байқау классикалық өнердің беделін арттырып, жастардың рухани дамуына ықпал етеді.
«Қатысушылардың көбі – музыка академиялары мен консерваториялардың соңғы курс студенттері. Финалда тек 14 үздік қатысушы қалады. Жеңімпаздарға қомақты жүлде табысталып, олардың алдағы уақытта халықаралық сахналарда ән салуына мүмкіндік туады», - деді байқау ұйымдастырушысы Қарлығаш Әбдікәрімова.
Оқи отырыңыз: Алматыда тарихи ғимараттардың цифрлық келбеті жасалады