Білім беру саласында жасанды интеллектіні реттейтін заң қажет - Мәжіліс төрағасы

Бес жылда 1 миллион адам жасанды интеллект дағдыларын меңгереді

 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Білім беру саласындағы жасанды интеллект қызметін реттейтін заң керек. Өйткені, мектепте нейрожеліні қолдану қауіпті деп санайтын тарап бар. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты. Оның айтуынша, осы мәселе бойынша жүргізілген сауалнамаға қатысқандардың 40,5 пайызы жасанды жадының әсерін оң бағаласа, 37 пайызы керісінше, қарсы болыпты. Көпшілік технологиялар оқытуды тым жеңілдетіп, білім меңгеру сапалы болмайды деп есептейді екен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қазақстан жасанды жадыны жаппай енгізу дайындығы туралы халықаралық рейтингте 188 елдің арасында 76-орында тұр. Әлем бет бұрған нейрожелінің мүмкіндіктері артқанымен, оның қауіп-қатерінің шекарасын әлі ешкім дөп басып айта алмай отыр. Сондықтан жаһан жасанды жадыны теріс пиғылда пайдалануға қарсы тұру үшін әртүрлі стратегиялық тактика ұсынып келеді.

«Мысалы, Қытай биылғы қыркүйектен бастап ұлттық әлеуметтік желілерге жасанды интеллект жасаған контентті таңбалау жүйесін енгізуді міндеттеді. Біз де жасанды интеллект туралы заңымызда осындай талап қойдық. Енді қабылданған нормалармен шектеліп қалмау керек. Мұндай қарқынды дамып келе жатқан салада жаңа технологияларды ескере отырып, заңнаманы тұрақты мониторингілеу және бейімдеп отыру қажет», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.

Алдағы 5 жылда 1 миллион адам жасанды жады дағдыларына үйренеді. Министр Жаслан Мәдиевтің айтуынша, білім алушылар арасында оқушылар, студенттер, мемлекеттік қызметшілер бар. Нейрожелі агенттерін даярлау мен оқыту ұлттық платформа арқылы жүзеге асады екен.

«Биыл Ұлттық жасанды интеллект платформасы іске қосылды. Ол арқылы құрылымдалған деректер базасына, есептеу қуаттарына және үлкен тілдік модельдерге қолжетімділік болады. Платформа бағдарламалау дағдыларынсыз жасанды интеллект агенттерін әзірлеуге мүмкіндік береді», - деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің міндетін атқарушы Жаслан Мәдиев.

Жасанды интеллект денсаулық сақтау саласында қолданыла бастады. Бүгінде ақылды ассистент дәрігерлерге сүт безі обырын анықтауға көмектеседі. Яғни, мамандар науқастың барлық анализдерін жүйеге жүктеп, қорытындысын алады. Пилоттық жоба тамыз айынан бері Қостанай облысында жүзеге асырылып жатыр екен. Келесі жылы Алматы мен Астанада қолға алынып, одан кейін өзге өңірлерге енгізіледі.

«Қазіргі таңда Қостанай облысында пилотты түрде енгізілген жоба бойынша біз 5 мыңға жуық науқастардың деректерін жинап жатырмыз. Және де осы жылдан бастап әрбір 500-ге жуық пациент УЗИ, КТ, МРТ, маммография барлық сатылардан өтіп шыққан соң, гистологияны бәрін қосқанда, үлкен деректерді жинайтын база жинап жатырмыз», - деді Astana IT University ғылыми қызметкері Томирис Жақсылық.

Астана - жасанды интеллектіні енгізу бойынша Орталық Азиядағы жетекші қалалардың бірі. Шаһарда бейнебақылау камераларының жаңа түрі орнатылмақ. Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек бұл құрылғылар жасанды интеллект негізіндегі бейнеаналитика алгоритмімен жұмыс істейтінін айтып отыр. Яғни, адамның бет-жүзін анықтауға көмектеседі.

«Жасанды интеллект коммуналдық қызметтердің жұмысын жақсартады. Біз жедел жәрдем, өрт сөндірушілер мен полицияның қызметі 30-40 пайызға жылдам әрі тиімді бола түседі деп ойлаймыз. Қазір әрбір үшінші құқық бұзушылық немесе жол қозғалысы ережесін бұзғандар бейнебақылау жүйесі арқылы жасанды интеллектпен анықталып, шешімін табуда. Осылайша, бұл жүйе қалалық қызметтердің сапасын әрі қарай арттыра түседі», - деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Министр Саясат Нұрбек жасанды интеллект саласындағы зерттеулерге 500-ге жуық ғалым жұмылдырылды дейді. Оның айтуынша, жасанды жады зерттеулері өндіріс, цифрлық технологиялар және ғарыш саласына шоғырланған. Қазір бұл бағыт бойынша құны 9,7 миллиард теңге болатын 62 жоба іске асырылып жатыр екен.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда тарихи ғимараттардың цифрлық келбеті жасалады

Новости партнеров