Алматыда көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару ісі қатаң бақылауға алынады

27.04.2026 20:16

Мегаполистегі 9 мың 600 көпқабатты тұрғын үйге 2 жарым мыңнан астам басқарушы ұйым қызмет көрсетеді

Алматыда биыл көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару ісі қатаң бақылауға алынып, шамамен 300-ге жуық тексеріс жүргізу жоспарланып отыр. Бұл туралы қалалық Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Жандос Қайырханов мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Оның айтуынша, мегаполистегі 9 мың 600 көпқабатты тұрғын үйге 2 жарым мыңнан астам басқарушы ұйым қызмет көрсетеді.

Айта кетейік, былтыр 265 тексеріс ұйымдастырылып, нәтижесінде 66 әкімшілік хаттама толтырылған. Сондай-ақ 37 нысан жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 10 миллион теңгеден асатын айыппұл салынған.

«Тұрғын үйді басқару саласында күрделі сұрақтар бар. Жалпы жиналыста тұрғын үйді күтіп ұстайтын маңызды сұрақтар көтеріледі. Бірақ  жиналысқа бәрі бірдей қатыспайды, – деді коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Жандос Қайырханов.¤

Биылдың өзінде тұрғын үй инспекциясы басқармасы 151 тексеріс жүргізіп үлгерген. Сала мамандары бақылау шаралары тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға оң ықпал етеді деген пікірде. Сонымен қатар шаһарда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жұмыстары да жүйелі түрде жалғасып келеді. Мәселен, 2011 жылдан бері 1 мың 300-ден астам көпқабатты баспанаға күрделі жөндеу жүргізіліп, 2 мың 300-ден көп жеделсаты жаңартылған. Ал биыл тағы 100 пәтерді жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.

Оқи отырыңыз: GITEX AI Kazakhstan: елде алғаш өтетін көрме Орталық Азиядағы цифрлық экономиканы дамуына тың серпін бермек