Алматыда әлемдік компанияның шетелдегі алғашқы робот зауыты салынады

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қазіргі уақытта гуманоидты және білім беру роботтарын шығаратын зауыттың құрылысы басталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шанхайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен бизнес-форум аясында Алматы әкімдігі, қытайлық компанияның негізін қалаушы Чжоу Цзянь арасында Алматыда гуманоидты және білім беру роботтарын шығаратын зауыт салу жөніндегі келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Рробототехника саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын компанияның нарықтық капитализациясы шамамен 6 млрд АҚШ долларына жетеді. Оның роботтары әлемнің көптеген еліндегі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен білім беру ұйымдарында кеңінен қолданылады.

Алматы компанияның шетелдегі алғашқы өндірістік жобасын жүзеге асыратын орын ретінде таңдалды.

Қазіргі уақытта гуманоидты және білім беру роботтарын шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Өндірісті 2027 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.

Жоба аясында өндіріс орнымен қатар инженерлік-зерттеу орталығы ашылып, заманауи технология енгізіледі. Сондай-ақ, қазақстандық мамандарды робототехника саласында даярлау көзделген.

Жобаны жүзеге асыру жаңа инвестиция тартуға, жоғары технологиялық жұмыс орындарын ашуға және Алматының инновация мен озық технологиялар орталығы ретіндегі әлеуетін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Алматыда жастарға арналған тоғызқұмалақ курстары ашылды