Алматыда маңызды инфрақұрылымдық жобалар талқыланды
Жаңа нысандардың іске асуы Алматының медициналық және спорттық инфрақұрылымын дамытуға ықпал етпек
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мегаполисте салынуы жоспарланған бірнеше маңызды нысанның жобаларын қарады. Олардың қатарында Медеу ауданындағы заманауи медициналық кешен мен Алатау ауданындағы Паралимпиадалық спорт орталығы бар. Қала басшысы нысандардың құрылысына қатысты жоспарын әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жазды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жеке инвестициялар есебінен Медеу ауданында жалпы аумағы 35 мың шаршы метр болатын ірі медициналық кешен салу жоспарланып отыр. Жаңа нысанда тұрғындарға медициналық қызметтің кең ауқымы ұсынылмақ. Атап айтқанда, жоғары дәлдіктегі диагностика, кешенді оңалту және ана мен бала денсаулығына бағытталған мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге арналған заманауи инфрақұрылым құрылады. Бұл жоба аудан тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Алатау ауданында адаптивті спортты дамытуға және дене мүмкіндіктерін қалпына келтіруге бағытталған Паралимпиадалық спорт орталығының құрылысы жоспарланып отыр.
Жаңа кешенде спортшылар 13 паралимпиадалық спорт түрі бойынша жаттыға алады. Жобаға 2,2 млрд теңге инвестиция салу көзделген. Құрылыс жұмыстарын 2028 жылдың ортасына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Орталық мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спортпен жүйелі түрде айналысуына және кәсіби деңгейде дайындалуына жағдай жасамақ.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс жобаларын қарау және бекіту кезінде бірнеше маңызды талапқа ерекше назар аударылатынын атап өтті. Олардың қатарында көлік қатынасының қолайлылығы, ғимараттардың функционалдығы, сәулеттік келбеті және қоршаған қалалық ортамен үйлесімділігі бар.
«Әрбір жобаны қарау кезінде көлік қолжетімділігіне, ғимараттардың функционалдығына, сәулеттік келбетіне және қоршаған қалалық ортамен үйлесімді кірігуіне ерекше мән береміз», – деді Алматы әкімі Дархан Сатыбалды.
Бұдан бөлек, қалада тұрғын үйлер, коммерциялық ғимараттар және көпдеңгейлі автотұрақ салу жобалары да қаралған.
Жаңа нысандардың іске асуы Алматының медициналық және спорттық инфрақұрылымын дамытуға ықпал етпек.
Оқи отырыңыз: Алматының үш туристік нысаны әлемдік үздіктер қатарына енді