Алматыда шалғай өңірлерге қызмет көрсететін ұшатын госпиталь іске қосылды

03.07.2026 19:35

Оның ішінде науқастарды қабылдап, дәрігерлік кеңес беру, амбулаториялық ем жүргізу және шағын оталар жасауға мүмкіндік бар

Алматыда «Офтальмология және ЛОР-денсаулық» ұшатын госпиталі іске қосылды. Заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған әуе кемесі алыс ауылдар мен шалғай елдімекен тұрғындарына медициналық көмек көрсетуге арналған. Оның ішінде науқастарды қабылдап, дәрігерлік кеңес беру, амбулаториялық ем жүргізу және шағын оталар жасауға мүмкіндік бар, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жоба Қытайдағы Фудань университетінің Көз және ЛОР ауруханасы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің серіктестігі аясында жүзеге асырылып отыр.

Оның негізгі мақсаты – Қазақстан, Қытай және Орталық Азия елдері арасындағы денсаулық сақтау, медициналық білім беру және ғылыми-зерттеу салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту.

«Біздің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Фудань университеті арасындағы ынтымақтастық бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Бүгінгі жоба және қол қойылған меморандум – екі университет арасындағы әріптестіктің жаңа деңгейге көтерілгенінің дәлелі», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Медицина және денсаулық сақтау факультетінің деканы Сүндетқали Қалмаханов.

Салтанатты рәсімге екі елдің мемлекеттік органдарының өкілдері, Алматыдағы Қытай Халық Республикасының Бас консулдығы және қос оқу орнының басшылығы қатысты. Іс-шара барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Медицина және денсаулық сақтау факультеті мен Фудань университетінің Көз және ЛОР ауруханасы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Қатысушылардың айтуынша, бұл бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы медициналық әріптестікті жаңа деңгейге көтеріп, озық технологияларды енгізуге және ғылыми байланысты кеңейтуге мүмкіндік береді.

«S909 әуе кемесі – әлемде баламасы жоқ медициналық ұшақ. Ол оториноларингология және офтальмология салаларына бейімделген, қажетті диагностикалық құралдармен жабдықталған. Мұнда шағын оталар жасап, мамандарға арналған тренингтер өткізуге болады. Болашақта қазақстандық дәрігерлер осы ұшақпен ауылдық аймақтарға барып, көз аурулары бар науқастарға көмек көрсетеді деп сенеміз», – деді Фудань университетіне қарасты Оториноларингология және офтальмология ауруханасының президенті Чжоу Синьтао.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда отбасы құндылығы мен саналы ата-ана болу мәселесі талқыланды