Мамандар жастардың отбасы құруға қатысты ұстанымын түсіндірді
Елімізде бала туу көрсеткіші жылдан-жылға азайып келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы төрт жылда туу деңгейі 25 пайызға төмендеген. Ал соңғы халық санағының қорытындысы бойынша Қазақстанда 92 мыңнан астам отбасы баласыз өмір сүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, бұған әртүрлі себептер әсер етеді. Соның бірі – қоғамда саналы түрде балалы болудан бас тартуды білдіретін «чайлдфри» ұғымының жиі талқылана бастауы, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Түрін көрсетпеуді өтінген бойжеткеннің айтуынша, ол бұл ұғыммен мектеп жасынан таныс. Алғашында жақындары бұл ойын әзіл ретінде қабылдаған. Алайда ол балаларға қарсы көзқарасы жоқ екенін және болашақта бұл шешімі өзгеруі мүмкін екенін айтады.
«Мен тіпті балалар үйінен бала асырап алудан, отбасы құрудан қорықпаймын. Бірақ өзім босанудан қорқамын. Мүмкін бұл ойым кейін өзгерер», – деді қала тұрғыны.
Психологтардың пікірінше, мұндай ұстанымның қалыптасуына әлеуметтік жағдай да әсер етеді. Олардың айтуынша, бала кезінде тұрмыстық қиындық көрген жастар сол жағдайды өз баласының басынан өткізгісі келмейді. Сонымен қатар, қазіргі жастардың бір бөлігі алдымен тұрақты табысқа, баспана мен мансапқа қол жеткізуді мақсат етеді.
«Экономикалық тұрғыдан жастар алдымен баспаналы, көлікті болғысы келеді. Баласына барлық жағдайды жасауды ойлайды. Қазір көптеген ата-ана өздері қол жеткізе алмаған мүмкіндікті баласына бергісі келеді», – деді психолог Ләззат Мырзашқызы.
Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы медициналық себеп болмаса, балалы болудан саналы түрде бас тарту ислам қағидаттарына қайшы екенін айтады. Өйткені исламда отбасы құру мен ұрпақ жалғастыру маңызды құндылықтардың бірі саналады.
«Бала сүюді денсаулығына байланысты бір-екі жылға кейінге қалдыруға болады. Бірақ мүлдем балалы болмаймыз деуге ата-ананың ешқандай құқығы жоқ. Мұнда адамның денсаулығына қатысты жағдайлар ғана ескеріледі», – деді «Ахмет Ясауи» орталық мешітінің наиб-имамы Хамит Ишан.
Мамандардың айтуынша, бүгінде елімізде өзін «чайлдфри» ұстанымын қолдаушы деп санайтын азаматтардың нақты саны белгісіз. Себебі бұл бағытта арнайы әлеуметтік зерттеулер әлі жүргізілмеген.
Оқи отырыңыз: Жаңа Конституция денсаулық сақтау жүйесін дамытуға жол ашады - сарапшы