Қала әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында «Батыс қақпа» және «Шығыс қақпа» полиорталықтарында жүзеге асып жатқан жобалармен танысты
Алматыда шағын Венеция пайда болуы мүмкін. Қала әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында «Батыс қақпа» және «Шығыс қақпа» полиорталықтарында жүзеге асып жатқан жобалармен танысты,
Су арнасының бойына мейрамханалар мен сауда орындары орналасады. Сондай-ақ субұрқақ шоуы мен мәдени іс-шараларға арналған алаңдар қарастырылған. Мамандардың айтуынша, «Almaty Promenade» жобасы тұрғындар мен туристер жиі баратын жаңа орынға айналмақ.
«Мұнда су арнасы да қарастырылған. Қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Жұмысты 2028 жылдың екінші тоқсанында аяқтау жоспарланған. Жоба «Шығыс қақпа» полицентрін дамыту тұжырымдамасына сай келеді», – деді мердігер компания өкілі Шамиль Галиев.
«Шетелдегі осындай жобалардың тәжірибесін зерттедік. Катарға, Венецияға және Дубайға барып, гондолалардың жұмыс істеу жүйесімен таныстық. Мұнда да соған ұқсас гондолалар қатынайтын болады. Сонымен қатар әлемдік қонақүй желілерінің бірімен келісімге қол қойдық. Қонақүй жанынан халықаралық деңгейдегі мамандарды даярлайтын университет ашу жоспарланып отыр», – деді мердігер компания өкілі Азамат Сүлейменов.
Сондай-ақ шаһар басшысы Түрксіб ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Мұнда спорттың бірнеше түріне арналған заманауи залдар мен бассейндер болады. Бұдан бөлек, жаттығу залы, тир және басқа да қажетті бөлмелер қарастырылған. Кешен тәулігіне 300-ден аса адам қабылдай алады.
«Бұл нысан 3 қабат пен 5 блоктен тұрады. Кешеннің тәуліктік өткізу қабілеті – 312 адам. Жоба әлемдік стандарттарға сәйкес жасақталған. Онда заманауи тренажер залы, оқ ату тирі және кәсіби жүзу мен су добымен айналысуға арналған халықаралық талаптарға сай бассейн қарастырылған», – деді жоба жетекшісі Ержан Сәліпханов.
Оқи отырыңыз: Алматыда Абай даңғылының бір бөлігінде қозғалыс жөндеуге байланысты ішінара шектеледі