Алматыдағы жоғарғы оқу орындарының бірінде студенттер үйі ашылды

Қалада 221 мың студент білім алады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы жоғарғы оқу орындарының бірінде студенттер үйі ашылды. Су жаңа нысан 487 орынға арналған. Білім ордасында 50 адамға шақталған Дағдарыс орталығы жұмыс істейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жаңғырту жұмыстарынан өткен №1 студенттер үйі 487 орынға есептелген. Сонымен қатар мұнда Ғылым және жоғарғы білім министрлігі мен қала әкімдігінің қолдауымен Дағдарыс орталығы іске қосылған. Орталық бір мезетте 50 адам қабылдай алады. Бүгінде Алматыда 221 мың студент білім алады. Оның 149 мыңы – елдің өзге өңірлерінен келген жастар. Кейінгі бір жылда қалада жатақхана тапшылығы төрт есе азайған. Сонымен қатар жаңа оқу жылы қарсаңында жатақханалар, хостелдер, қонақүйлер мен басқа да орналастыру нысандарында жалпы саны 61 мың 200 орын дайындалады.

«Алматы – жастар қаласы. Сондықтан мұндай дағдарыс орталығы ALT University базасында ашылып отыр. Бұл қалаға алғаш рет келген студенттерге көмек көрсету үшін қажет. Бірінші курс студенті түнде немесе кешкі уақытта Алматыға келіп, қайда барарын білмесе, көшеде қалмауы үшін осы орталыққа келеді», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан.

Орталыққа көмекке мұқтаж кез келген университеттің студенті жүгіне алады. Оны орналастыру мәселесі арнайы орталық арқылы қарастырылады. Мамандар ең алдымен студенттің өз оқу ордасының жатақханасынан орын алу мүмкіндігін анықтайды. Егер мүмкіндік болмаса, дағдарыс орталығына уақытша орналастырылуы мүмкін. Қолдау тек баспанамен қамтамасыз етумен шектелмейді. Қажет болған жағдайда студент әлеуметтік, психологиялық және консультациялық көмек алады.

«Университетіміз Алматының қолайлы аумағында орналасқан. Сондықтан жаңа оқу жылында еліміздің әр өңірінен келген студенттерге қолдау көрсетіп, олардың қалада өзін жайлы әрі қауіпсіз сезінуіне жағдай жасауды мақсат етіп отырмыз», – деді университет ректоры Меруерт Жармағамбетова.

«Жатақхана қорына келетін болсақ, 136 жатақхана бар. Оның 93-і мемлекеттік. 40-тан аса жекеменшік жатақханалар. Сонымен қоса жекеменшік жатақханалар да студенттерді қабылдайды. Биыл 4,5 мың орын жаңадан пайдалануға беріліп отыр. Мәселе 2030 жылға дейін шешіледі деп жоспарлануда», – деді Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мирас Нысанәлиев.

 Алматыда студенттерді баспанамен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Жатақхана орындарының санын арттырумен қатар, уақытша қиындыққа тап болған жастарға әлеуметтік және психологиялық көмек көрсететін орталықтардың жұмысы да жолға қойылған. Студенттерді жатақханамен толық қамту мәселесі 2030 жылға дейін шешіледі деп жоспарланып отыр.

Олжас Омарбек, Мақсат Күнібек

Оқи отырыңыз: Қазақстандық оқушылар Пекиндегі халықаралық чемпионатта топ жарды