Шаһар басшысы Алатау ауданында жүзеге асып жатқан ірі жобалардың құрылыс барысын тексерді
Океанариум, су арнасы және амфитеатр. Алматылықтар келесі жылы мегаполисте бой көтеріп жатқан шағын Венецияда серуендей алады. «Water Garden» деп аталатын жаңа нысан Бауыржан Момышұлы мен Саин көшелерінің аралығында орналасқан. Бүгінде онда шаруаның тең жартысы аяқталған. Сондай-ақ келер жылы қала халқы LRT желісінің де игілігін көрмек. Шаһар басшысы Алатау ауданында жүзеге асып жатқан ірі жобалардың құрылыс барысын тексеріп, жұмысты уақытылы аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Демалыс, мәдени іс-шаралар мен ойын-сауыққа арналған жаңа «Almaty Water Garden» кешені Алатау ауданында бой көтеріп жатыр. Бауыржан Момышұлы мен Саин көшелерінің аралығында орналасқан орталықтың аумағы 27 гектардан асады. Жұмыс сапарында шаһар басшысы Дархан Сатыбалды ең алдымен осы нысанға ат басын бұрды. Жобаның басты ерекшелігі – кешен аумағында су арнасы мен жағалаулар, амфитеатр мен балалар орталығы, сондай-ақ кинотеатр, океанариум, мұнара мен саябақ та қарастырылған. Бұдан бөлек, нысан шағын және орта бизнес өкілдерінің де басын қосып, қалада сауда инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік бермек. Бүгінде мұнда құрылыс жұмыстары 57 пайызға аяқталған. Келер жылы мамыр айында халық игілігіне беріледі. Қала әкімі жауаптыларға жобаны сапалы орындап, шаруаны уақытылы бітіруді тапсырды.
«36 ғимарат бар. Дискобар, кафелер орналасады. Көбелектер мұражайын тамашалауға болады. Саин көшесі жағынан таза су тартылады, оны ішуге де болады», – деді жоба жетекшісі Талғат Қасымов.
Сондай-ақ ауданда Момышұлы, Мөңке би, Оңғарсынова мен Рысқұлов көшелерінің аралығында инженерлік желі мен автомобиль жолдарын салу және электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылы мұнда екі мектеп пайдалануға беріліп, 500 адамды қабылдайтын емхана, бес балабақша мен саябақ салынбақ. Шаруа 2028 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Жоба алдағы уақытта «Батыс қақпасы» полиорталығын заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Аталған аумаққа арнайы барған қала әкімі атқарылып жатқан шаруаны тексеріп, аудан тұрғындарымен кездесті. Жиылған жұртшылық шаһар басшысына қоғамдық көлік, автотұрақ пен білім беру мәселесіне қатысты түйткілдерін жеткізді. Дархан Сатыбалды көпшіліктің сөзін тыңдап, ел сұрауы ескерусіз қалмайтынын алға тартты.
«Мешіт қашан ашылатынын сұрадым. Әкім жақында ел игілігін көтетінін айтты. Тұрғындар көлік тұрақтары туралы сұрады», – деді қала тұрғыны Жүніс Абдоллаұлы
Сондай-ақ жұмыс сапарында Дархан Сатыбалды LRT желісін салу жұмыстарымен танысты. Желінің жалпы ұзындығы 18 шақырымнан асады. Ал бірінші бағыты Момышұлы көшесінен Алматы-2 теміржол вокзалына дейін созылып жатыр. Шаруа келесі жылы аяқталса, тәулігіне 108 мыңға жуық адам қатынай алмақ.
«Барлық бірінші линияның жоспар бойынша 24 құрам жүреді. Сағатына 6792 адам қатынайды. Ал тәулігіне 102-108 мың адамдай болады. Ерекшелігі заманауи технологияны қолданады, суперконденсатор деп аталады. Суперконденсатор аялдамаға келгенде, 30 секунд ішінде, жолушылар кіріп-шыққанша тез қуатталады», – деді мердігер компанияның коммуникациялар жөніндегі директоры Қуат Баиров
Желіден бөлек, ауданда қазір 45 құрамға арналған LRT Депосі салынып жатыр. Оның жалпы аумағы 19 гектар. Биыл басталған шаруа келесі жылы маусымда аяқталады деп жоспарланып отыр.
«LRT депосын дайындау жұмыстары жүріп жатыр. ДЕПО – трамвай вагондарын сақтауға, техникалық көмек көрсетуге арналған кешен. Жыл соңына дейін аяқтаймыз деген жоспарымыз бар», – деді жобаның учаскелік жетекшісі Мақсат Ассанди.
Бүгінде Алатау ауданында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асып жатыр. Тұрғындарға арналған әлеуметтік нысандар, көлік инфрақұрылымы мен өндірістік кешендер бой көтеруде. Ал индустриялды аймақта тәулігіне 2 мың тоннаға дейін қалдық өңдеп, 60 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіретін зауыт салынып жатыр. Нысан алдағы уақытта 120 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Аяулым Көлжігіт, Ернат Болатбек, Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Алматыда физика мен математика пәнінің мұғалімдері қалалық олимпиадада бақ сынады