Жоба инклюзивті ортаға бейімделген шағын сәулет нысандары тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылды
Алматыда ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру және инклюзивті туристік ортаны дамыту мақсатында қаланың көрікті орындарының бес тактильді үлгісін дайындау жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тактильді үлгілер келесі нысандар үшін жасалды: Вознесенск шіркеуі, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры, Алматы музейі және Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы.
Жоба инклюзивті ортаға бейімделген шағын сәулет нысандары тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылды. Қолмен сезіп тануға арналған үлгілер көру қабілеті бұзылған туристерге және өзге де ерекше қажеттілігі бар адамдарға қаланың көрікті орындарының сыртқы бейнесін сезіну арқылы қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар конструкциялар қаланың мәдени мұрасына ұқыпты қарау қағидаттарын ескере отырып жобаланған.
Шағын сәулет нысандарының үшеуі ғимараттардың кіреберіс аймақтарында, ал екеуі ғимараттардың ішіне орналастырылды. Құрылымдар нысандардың сәулеттік стиліне сай безендірілген үстелше форматында жасалған. Беткі бөлігінде заманауи 3D-басып шығару технологиялары қолданылып дайындалған көлемді 3D-модель орналастырылған. Барлық элемент антивандалдық сипатқа ие және әртүрлі климаттық жағдайда пайдалануға бейімделген.
Сезінуге арналған үлгілер ұзақ мерзімді пайдалануға есептелген және олар ерекше қажеттілігі бар келушілерге барынша ұзақ қызмет етуі үшін қала тұрғындары мен қонақтарының ұқыпты қарауын талап етеді.
Жобаны іске асыру Алматыда қолжетімді туристік ортаны қалыптастыруға, қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлылық деңгейін арттыруға, сондай-ақ инклюзивті туризмді дамытуға бағытталған.
Бұған дейін Mastercard компаниясының деректеріне сәйкес, шетелдік туристер қаладағы әртүрлі орынға жоғары қызығушылық танытып отырғаны хабарланған болатын. Танымал нысандар қатарында Көктөбе, Вознесенск шіркеуі, Орталық мемлекеттік музей, Көк базар және Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі бар.
Қолмен сезіп тануға арналған үлгілер ерекше қажеттілігі бар келушілерге аталған нысандармен тереңірек танысуға мүмкіндік береді. Бұл мәдени және танымдық туризмнің аясын кеңейтіп, қаланың тарихи-мәдени мұрасына құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Оқи отырыңыз: Алматының Жетісу ауданында емхананың жаңа филиалы ашылды