Басқосуда Ата заңның ел болашағына, экономикалық өсімге және мемлекеттік басқару жүйесіне ықпалы кеңінен сөз болды
Азамат құқықтарын қорғау, заң үстемдігін күшейту және мемлекеттің жаңа даму бағытын айқындаған Конституцияның заңды күшіне енген күні Алматыда кеңінен талқыланды. Тарихи оқиғаға орай Достық үйінде «Жаңа Конституция – жаңа серпін» атты жиын өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Басқосуда Ата заңның ел болашағына, экономикалық өсімге және мемлекеттік басқару жүйесіне ықпалы кеңінен сөз болды. Іс-шараға қала әкімі Дархан Сатыбалды, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Жаңа Конституция енді заң үстемдігін қамтамасыз етумен қатар, елдің экономикалық дамуын, ғылым мен инновацияны қолдауға, адами капиталды нығайтуға және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге басымдық береді. Сарапшылардың айтуынша, бұл елдің ұзақ мерзімді дамуының жаңа құқықтық негізін қалыптастырады.
«Ата заңымызда бұрын шикізатқа басымдық берілсе, қазір білімге, ғылымға және инновацияға көңіл бөлініп отыр. Жаңа Конституцияның преамбуласында елімізде адами капиталға және адам құқықтарына ерекше мән берілгені айқын көрсетілген», – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ проректоры Ержан Көлдеев.
Конституциялық реформалардың толық жүзеге асуы қабылданатын заңдардың сапасына және мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогқа тікелей байланысты. Сондықтан ендігі кезеңде халықпен кері байланысты күшейтіп, жаңа құқықтық нормаларды тиімді іске асыру маңызды. Осы орайда сарапшылар Құрылтай жұмысына қатысты да пікір білдірді.
«Конституцияны іске асырудың алғашқы күнінен бастап халықпен тығыз жұмыс істеу керек деп есептейміз. Алдағы уақытта тағы да бірқатар заңдар қабылданады. Сол заңдар арқылы мемлекеттік дамудың барлық бағыттары реттеледі. Сондай-ақ жаңадан сайланатын Құрылтайдың жұмысы да жаңа бағытта, жаңа форматта жүзеге асырылуы қажет», – деді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Әсел Назарбетова.
Қала әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, Конституциядағы қағидаттар Алматының даму стратегиясымен үндеседі. Алдағы бес жылда жалпы өңірлік өнім көлемін екі есеге арттырып, 70 триллион теңгеге жеткізу жоспарланған. Негізгі мақсат – экономикалық өсім арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, жаңа Конституция еліміздің ұзақ мерзімді дамуының берік құқықтық негізін қалыптастырып, жаңа қоғамдық келісімнің өзегіне айналады. Конституциямыз экономикалық өсімді өз алдына мақсат ретінде емес, азаматтардың әл-ауқатын арттырудың маңызды құралы ретінде қарастырады», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.
Жиын қорытындысында Ата заңның басты мақсаты – азаматқа қызмет ететін тиімді мемлекет қалыптастыру екені айтылды. Сондықтан Конституцияда бекітілген бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыру ел дамуының кепілі болмақ.
Оқи отырыңыз: Жаңа Конституцияда адами капитал мен цифрлық құқықтарға басымдық берілген - сарапшылар