Жаңа Конституцияда цифрлық құқықтардың қорғалуына ерекше мән берілуі халықаралық сарапшылардың назарын аударып отыр
Енді мемлекет үшін басты инвестиция табиғи ресурстарға емес, адами капиталды дамытуға бағытталатын болады. Бұл білімді, білікті, дені сау және бәсекеге қабілетті азаматтарды қалыптастыруға басымдық берілетінін көрсетеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сарапшылардың айтуынша, күшіне енген жаңа Конституция осы бағыттарды жүзеге асыруды мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындаған. Мұндай өзгерістер кездейсоқ қабылданған шешім емес. Өйткені қазір елдің тұрақты экономикалық өсімі мен халықаралық бәсекеге қабілеттілігі, ең алдымен, адам капиталының сапасына байланысты. Сондықтан бұл бастамалар Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға және заманауи талаптарға сай қуатты мемлекет қалыптастыруға бағытталған.
«Білім мен ғылымға, адами капиталға негізделген инвестиция елдің болашағын жарқын ететіні сөзсіз. Себебі бүгінгі таңда әлем елдері пайдалы қазба байлықтарға емес, жалпы инвестицияның 70 пайызға жуығын адами капиталға құйып жатыр. Яғни біздегі интеллектуалдық әлеуетті осы арқылы дамытатын боламыз», – деді Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Жасұлан Бостандықұлы.
Бұған қоса, жаңа Конституцияда цифрлық құқықтардың қорғалуына ерекше мән берілуі халықаралық сарапшылардың назарын аударып отыр. Олардың пікірінше, бұл бағытты конституциялық деңгейде қорғау көптеген елдердің негізгі заңдарында нақты қарастырылмаған.
Атап айтқанда, жаңа Конституцияның 21-бабында цифрлық құқықтарды қорғауға қатысты арнайы норманың енгізілуі маңызды жаңалық ретінде бағалануда. Бұл норма әрбір азаматтың жеке деректері мен цифрлық кеңістіктегі құқықтарының мемлекет деңгейінде қорғалатынына кепілдік береді.
«Бұған дейін қоғамдық өмірде әр азаматтың құқықтары түрлі құқық бұзушылықтар мен алаяқтардың әрекеттері салдарынан жиі бұзылып келді. Енді жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекске байланысты әр азаматтың жеке цифрлық құқығы қорғалады және мемлекет оған кепілдік береді», – деді Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Жамаладен Ибрагимов.
Оқи отырыңыз: Зиялы қауым өкілдері: Жаңа Конституция – елдің болашағына бастайтын маңызды жол