Мегаполис әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен тежегіш бөлшектерін шығаратын зауыт пен логистикалық орталықтың капсуласы салынды
Алматыдағы индустриялық аймақта 2 ірі инвестициялық нысанның құрылысы басталды. Мегаполис әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен тежегіш бөлшектерін шығаратын зауыт пен жасанды интеллект арқылы басқарылатын логистикалық орталықтың капсуласы салынды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алматы еліміздің жетекші индустриялық орталықтарының бірі ретіндегі рөлін нығайтып келеді. Бұл бағыттағы маңызды жобалардың бірі – тежегіш дискілері мен қалыптарын толық циклмен өндіретін зауыт. 55 миллиард теңге инвестиция тартылған кәсіпорында жылына 5 миллионға дейін өнім шығару жоспарланып отыр. Сонымен қатар мұнда 600 жаңа жұмыс орны ашылады. Жауаптылардың айтуынша, өндіріс халықаралық сапа стандарттарына сай жұмыс істейді.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатының арқасында, Президентіміз өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жоғары технологиялық өндірістерді ашуға және отандық өнім көлемін арттыруға ерекше назар аударып келеді үнемі. Тапсырмасының аясында бізде қосымша индустриялық аймақтың екінші кезеңі басталып кетті», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.
Индустриялық аймақтағы тағы бір маңызды жоба – құны 28 миллиард теңгені құрайтын Smart AI Logistic интеллектуалды логистикалық орталығы. Бұл негізгі процестері жасанды интеллект пен роботтандырылған жүйелер арқылы автоматтандырылатын еліміздегі алғашқы хаб болмақ. Жоба аясында 190-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
«Жер қатынастары басқармасы 340 гектарға жуық жерді сатып алып жатыр. Одан кейін сол жерде инфрақұрылым құрып, 100-150 млрд АҚШ доллар инвестиция тартамыз деп ойлап жүрміз», – деді индустриялық аймақтың директоры Ерлан Жайлаубай
Сондай-ақ Дархан Сатыбалды Алматыны Орталық Азиядағы жетекші логистикалық және дистрибуциялық хабқа айналдыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда индустриялық аймақта 58 жоба іске асырылған. Сондай-ақ 110-ға жуық бастама қолға алыныпты.
Гүлмарал Изатқызы, Адель Ақжаркенова, Жақсылық Тілепберген, Рашидин Якупов
Оқи отырыңыз: Премьер-министр Қытайдың жетекші корпорацияларымен ынтымақтастық перспективаларын пысықтады