Үйдің отағасы Талғат Сыдықбеков Ішкі істер органдарында 32 жыл бойы қызмет атқарған
Адалдық, жауапкершілік және ел қауіпсіздігіне деген құрмет. Бұл – Атантаевтар әулетінің басты ұстанымы. Полиция қызметін өмірлік жол ретінде таңдаған жанұя құқық қорғау саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келеді. Бірі - ардагер полиция майоры. Екіншісі – әке жолын жалғап, қазір халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетіп жүрген полиция подполковнигі, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Темірдей тәртіпті қызметте ғана емес, шаңырақта да ұстанған әулеттің бірі – Атантаевтар отбасы. Үйдің отағасы Талғат Сыдықбеков Ішкі істер органдарында 32 жыл бойы қызмет атқарған. Бүгінде ол зейнет демалысында. Соған қарамастан қоғамдық іс-шараларға етене араласып, өскелең ұрпаққа үлгі болып келеді. Ұлының полицей боламын деген таңдауын қолдап, адал қызмет етудің маңызын үнемі айтып отыратынын жеткізді.
«Ұлымның үлкені «ізіңді ұуамын, полицей боламын» деп, академияға түсіп, бітірді. Қазір полиция подполковнигі. Тар жол тайғақ кешуден өткен соң, көрген қиындықтарды балам көрмесінші дейді ғой. Сол кезде айтарымды айттым Бірақ ол бала күнгі арманын орындап, сөзінде тұрды», – деді зейнеткер.
Ал әке жолын жалғаған Жасұлан Атантаев Алмалы аудандық полиция басқармасында қызмет етеді. Ол бала күнінен әкесінің жұмысына қызығып өскен. Еңбек жолын учаскелік полиция инспекторы лауазымынан бастап, қазір азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының подполковнигі шенінде. 21 жылдық тәжірбиесі бар азамат бүгінде 4 баланың әкесі, отбасының тірегі. Әкесін пір тұтқан ол балаларым да жолымды жалғаса, еш қарсылық білдірмейтінін айтты.
«Әрине, бұл жақта жауапкершілік өте көп, 24/7 дайын болу керек. Өйткені аяқ астынан шақырулар, жиын болады. Әрқашан да адам деген бейімді болуы керек. Жауапкершілік, шыдамдылық керек. Жұмыс істеп, ерінбей, бастысы тәртіпті сақтау керек», – деді Азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының аға инспекторы Жасұлан Атантаев.
Қызметтің қиындығы мен жауапкершілігін жақсы білетін әулет үшін ең басты құндылық – халық сенімін ақтау. Әке мен баланы біріктіретін ортақ мақсат та – осы.
Диана Тұрлыбек, Ғани Қалуов
Оқи отырыңыз: Полиция – ел қорғаны: Алматыда тәртіп сақшылары марапатталды