Алматыдағы жаңа тау кластері нені өзгертпек
Жоба арқылы Алматыны жылдың төрт мезгілінде де туристер қызығатын қалаға айналдыру көзделіп отыр
«Алматы таулары тек кәсіби спортшылар мен тәжірибелі шаңғышылардың демалатын жері болмауы керек». Сала мамандары «мұнда кез келген адам спортпен айналысып, отбасымен демалып, жылдың 4 мезгілінде де табиғатты тамашалай алатындай жағдай жасалуы қажет» дейді. Сөздерінше, жаңа трассалар, аспалы жолдар мен туристік бағыттар және қолжетімді инфрақұрылым тауды үлкен туристік орталыққа айналдыруы тиіс, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматының тау кластері белсенді демалысқа деген көзқарасты өзгертпек. Яғни, қолданыстағы және жаңадан ашылатын туристік орындар бір-бірімен байланысып, бірыңғай жүйе құрылмақ. Соның ішінде Almaty SuperSki жобасы аясында шамамен 60 шақырым тау-шаңғы трассасы мен 11 аспалы жол салынады. Курорттың бір күнде 10 мыңнан астам адамды қабылдауға мүмкіндігі бар. Ең бастысы, мұндағы трассалар әртүрлі деңгейге сай салынып, спортпен айналысуға барынша жағдай жасалады. Яғни, шаңғы тебуді енді бастап жүргендер де, тәжірибелі спортшылар да, тіпті балалар мен қарт адамдарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы орта қарастырылады.
«Параспортсмендер жаттығу үшін шет елге барады. Осы жоба аясында оларға мүмкіндік болады. Өйткені, баға тарифы да төмен болады. Арбада отырған әріптестер Шымбұлаққа бара алмайды. Жету мәселесі. Екіншіден, ешқандай да инфраструктура жоқ», – деді қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы Ұлан Іңкәрбеков.
Жоба арқылы Алматыны жылдың төрт мезгілінде де туристер қызығатын қалаға айналдыру көзделіп отыр. Заманауи инфрақұрылым еліміздің басқа өңірлерінен және шетелден келетін қонақтардың тауда жайлы демалуына мүмкіндік береді. Мәселен, қыста шаңғы мен сноуборд тебуге болса, жазда туристік бағыттармен серуендеп, белсенді демалыспен айналысуға болады.
«Туризм саласының өкілдері жобаның маңыздылығын жақсы түсінеді. Мемлекет басшысы алдымызға туризмді дамыту міндетін қойып отыр. Алайда инфрақұрылымды дамытып, шетелдік туристер үшін қолайлы әрі жайлы жағдай жасамайынша, туризмді толыққанды дамыту мүмкін емес», – деді Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова.
Тау кластері кәсіби спорт пен бұқаралық спорт қатар дамитын және қала тұрғындары үшін қолжетімді бола түсетін біртұтас кеңістікке айналуы мүмкін.
Диана Тұрлыбек, Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: Алматы тауларында туристер үшін 18 паналайтын үйшік орнатылды