Биыл 9 айдың ішінде шаһарға келген туристер саны 14,2 пайыз өсіп, 1,7 млн адамға жеткен
Алматыда туризм саласы қарқынды дамып келеді. Биыл 9 айдың ішінде шаһарға келген туристер саны 14,2 пайыз өсіп, 1,7 млн адамға жеткен. Ал шетелдік қонақтарға қатысты көрсеткіш 23,9 пайыз ұлғайса, еліміздің әр өңірінен Алматыға дем алу үшін жиналғандардың саны 10,6 пайызға артқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл демалысын Алматыда өткізгісі келгендердің көпшілігі – "Шымбұлақ" тау шаңғы курортын таңдаған. Қазанға дейін мұнда 1 млн 200 мыңнан аса адам келген. 2023 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырсақ көрсеткіш 21 пайызға артқан.
Осы тұста қызықты дерек айтып өтейік, Шымбұлақ "ТМД елдерінің үздік тау-шаңғы курорты" және "Тау аймағындағы ең үздік глэмпинг" номинациясын биыл жеңіп алған.
"Шымбұлақ" тау-шаңғы курортының есігі демалушылар үшін қысы-жазы ашық. Мұнда күніне 4000-ға жуық адам келеді.
"Бүгін құрбыларыммен Шымбұлаққа сноуборд тебуге келдік. Осы уақытқа дейін қорықтық. Бірақ соңғы студенттік жыл болғандықтан, қорқынышты жеңіп "құласақ та бір көрейік" деп эмоция алуға келіп қалдық, – деді студент Аида Оразымбет.
Отандық туризмнің ошағы саналатын курорт Іле Алатауының бөктерінде орналасқандықтан, оның саф таза ауасы мен әсемдігі көпті өзіне баурамай қоймайды. Ал әлемнің түкпір-түкпірнен осы бір ғажапты көру үшін жиналатындардың саны жылдан жылға артып келеді. Биылғы 3 тоқсанның нәтижесіне сүйенсек, 507 мыңнан аса шетелдіктің назары Шымбұлаққа ауған.
"Қазақстанға үшінші рет келдім. Шымбұлақты алғаш рет көрдік. Өте жақсы жер екен. Қатты ұнады", – деді турист Айболат Кәбен (Моңғолия).
"Қазақстанға бірінші рет келуім. Қызыққа толы әрі естен кетпес оқиғаларды жадыма жиып қайту үшін Шымбұлақты таңдадым. Байқағаным мұндағы ауа-райы біздің елдегімен қатты ұқсас", – деді турист Саймон Пиер (Канада).
"Астана мен Челси арасындағы матчты көру үшін Алматыға келдік. Табиғат ғажабын көрмей кетпес үшін, Шымбұлаққа көтерілдік. Меніңше, бұл орын – Алматының төл символы болып қала береді", – деді турист Андрей Никитин (Ресей).
Шымбұлаққа келгендердің басым бөлігі – Алматының тәжі аталып кеткен "Медеу" мұз айдынына соқпай өтпейді. Аумағы 10 500 шаршы метрді құрайтын спорт кешені теңіз деңгейінен 1691 метр биіктікте орналасқан. Мұз айдыны коньки тебуді енді үйреніп жүргендерге де және аталмыш спорт түрімен кәсіби түрде айналысатындарға да өте ыңғайлы.
"Көңіл-күй күшті, ауа райы да керемет. Алматының тауымен таза ауада демалып, достарыммен, інілеріммен, группаласыммен кездестік", – деді қала тұрғыны Нұрбек Нұрпейіс.
"Медеуге екінші рет келдім. Қазір коньки тебе алмаймын, үйреніп жатырмын. Қайта-қайта құлап қалып жатырмын", – деді қала тұрғыны Аружан Бижанова.
Ал Шымбұлақ пен Медеуден соң туристер ең көп баратын орын - Іле Алатауы мемлекеттік табиғи паркі. Сегіз айда паркті 617 мыңнан аса адам тамашалаған. Ал үздік үштікті көпке танымал – Көктөбе түйіндейді. Оған 9 айда 280 мыңға жуық келуші барған. Осының нәтижесінде биылғы 11 айда инвестиция көлемі де ұлғайған. Көрсеткіш – 92,9 млрд теңге. Былтырғымен салыстырғанда өсім 12 пайызға жеткен.
"Сонымен қатар салық түсімдері 85,5 млрд теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе өсті. Альпинград, Титов көлі, Поляна-Терра аумағында 3 кэмпинг аймағы орнатылдлы. Сонымен қатар 509 нөмерден тұратын 26 орналастыру орыны ашылды", – деді Туризм басқармасы талдау және стратегиялық жоспарлау бөлімінің басшысы Мақпал Әбдіқадыр.
Маманның сөзінше, биыл 10 тау бағытын абаттандыру жұмысы да сәтті аяқталған.
Еске салайық, туристердің ыңғайлылығы үшін 2027 жылды қоса алғанда, 3 жылдың ішінде 30-дан аса қонақүй салу жоспарланып отыр.
Рүстем Айткәрім, Әлишер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Халық қатысатын бюджет: Алматының Алмалы ауданында қандай жобалар іске асты