Халық қатысатын бюджет: Алматының Алмалы ауданында қандай жобалар іске асты

Биыл ауданда 52 жобаны жүзеге асыруға 2,2 млрд теңге бөлінген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Алмалы ауданында "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы қарқынды жалғасып жатыр. Биыл ауданда 52 жобаны жүзеге асыруға 2,2 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұрын бос жатқан мына аумақ қазір "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында жаңа кейіпке енген. Аулада балалар және баскетбол алаңдары салынып, жасыл желек отырғызылған. Жарықтандыру мәселесі де біржақты болып, шағын сквер тұрғындардың демалыс аймағына айналған.

"Аумақты абаттандырып, көгалдандыру үшін жоба ұсындық. Әкімдіктің көмегімен жүзеге асты. Қуаныштымыз, балалар да дән риза", – деді қала тұрғыны Алена Шин.

"2023 жылы тұрғындар бағдарлама бойынша өтініш берген. Жоба мақұлданып, қаржы бөлінді. Мұның аясында үш бірдей шаруа атқарылды. Абаттандырылып, көгалдандырылды, сондай-ақ автосуару жүйесі іске қосылды", – деді Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшин.

Келесі нысан – Розыбақиев және Дүйсенов көшелерінің қиылысындағы қоғамдық кеңістік. Мұнда бұрын заңсыз базар жұмыс істеген. Аталған бағдарлама аясында аумақ абаттандырылып, жаңа сквер пайда болды.

"Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы – қала тұрғындары үшін керемет мүмкіндік. Аулаларын көріктендіріп, өздеріне жайлы ете алады. Былтыр үйіміздің ауласын осы бағдарлама аясында ретке келтіргенбіз. Ал биыл үйіміздің артын абаттандыруға атсалыстық", – деді  қала тұрғыны Әсел Нұрғазина.

Сондай-ақ биыл ауданда Панфилов көшесінің бойы ретке келтірілді. Қабанбай батыр көшесінен Жібек жолына дейінгі аумақта 130 жаңа орындық орнатылды. Екі балалар алаңы салынып, 2,6 шақырым жарықтандыру кабельдері ауыстырылды. Сондай-ақ 2 құрғақ субұрқақ жөнделген.

"Қабанбай батыр көшесінен Жібек жолы көшесіне дейінгі аралық 1,3 шақырым. Жөндеу жұмыстары аясында жасыл желек қоры 20 пайызға артты. Көпжылдық ағаштар отырғызылды", – деді Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшин.

Ауданда 35 жыл бойы күрделі жөндеу көрмеген Міржақып Дулатов атындағы №136 мектеп жұмысын жалғастырып жатыр. Мектеп әкімшілігінің айтуынша, білім ордасы заманауи құрылғылармен жабдықталған.

"Мектепте биология, химия, робототехника, физика кабинеттері жұмыс істеп тұр. Балалар толық мектеп жабдықтарымен қамтамасыз етілді. 34 интерактивтік панель жұмыс істейді. Одан бөлек, шахмат, тоғызқұмалақ, би, домбыра, футбол, волейбол үйірмелері тегін жұмыс жасауда", – деді № 136 мектеп-гимназиясының директоры Талғар Төреқұлов.

Айта кетейік, шаһардағы оқушы орны тапшылығын төмендету мақсатында биыл 11 мың 800 орындық 9 мектеп іске қосылады. Ал келер жылы "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында бой көтеретін 15 оқу ошағының құрылысы аяқталады деп жоспарланған.

Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Тәуелсіздік күніне орай Алматы Халықаралық әуежайында туристерге сыйлық табысталады

Новости партнеров