Бұл жүйе небәрі 20 минутта діттеген жерге жетуге мүмкіндік бермек
Алматыда трамвай қозғалысын қайта жандандыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматы бас жоспар ғылыми-зерттеу институтының директоры Асхат Сәдуов халықаралық сәулетшілер форумында мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, жаңа жоба «Барлық» базарынан басталып, Төле би көшесінің бойымен бұрынғы дәліз арқылы қайта жүргізіледі. Бұдан бөлек, трамвай желісі әуежайға дейін созылып, қаланың шығысы мен батысын байланыстыратын көлік дәлізіне айналмақ.
Мамандардың есебінше, бұл жүйе тұрғындарға небәрі 20 минутта діттеген жеріне жетуге мүмкіндік бермек.
Айта кетейік, жоспарланған трамвайлар заманауи аккумуляторлармен жабдықталып, электр автобустарындағыдай қосымша жүріс қорына ие болады.
«Күн сайын Алматыға жарты миллионнан астам адам келеді. Олар қаламыздың орталығында жұмыс істейді, білім алады, түрлі іспен шұғылданады. Осыған орай, әлемдік тәжірибеде тиімді әрі заманауи шешім ретінде дәлелденген трамвай жүйесін іске қосу жоспарланып отыр. Қазір бұл жобаға қатысты негіздемелік құжаттар әзірленіп жатыр. Қаржыландыру көздері мен келісімдер түпкілікті айқындалғаннан кейін, алдағы 5 жыл ішінде жоба жүзеге асуы мүмкін», - деді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бас директоры Асхат Сәдуов.
Айта кету керек, Алматыда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған Архитекторлар форумына Қазақстаннан бөлек, Еуропа мен Орталық Азиядан келген 30-ға жуық жетекші сәулетші қатысты. Олар тұрақты құрылыс қағидаттары мен қала кеңістігін дамыту мәселелерін талқылады. Бұған қоса, шаһардың сейсмикалық аймақта орналасуына байланысты кейбір жерлерде тек алты қабаттан аспайтын тұрғын үйлер бой көтеретіні туралы айтылды. Сонымен қатар тарихи ескерткіштердің сақталуы мен олардың келешек ұрпаққа жеткізілуі де басты тақырыптардың біріне айналды.
«Биыл ескерткіштерді қорғау мен сақтау ісіне мамандар дайындауды бастадық. Бұл - бүгінгі форумның басты тақырыптарының бірі әрі айрықша маңызға ие бағыт. Себебі елімізде ЮНЕСКО тізіміне енген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен Алматы облысындағы Таңбалы тас бар. Бұдан өзге де бай тарихи мұраларымыз аз емес. Сондықтан оларды сақтап, келер ұрпаққа аман жеткізу бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі болып отыр», - деді Халықаралық білім беру корпорациясының профессоры Мехрибану Глаудинова.
Оқи отырыңыз: Жөндеу жүргізіліп, сүзгі орнатылды: Ұлытау облысы қысқа қалай дайындалып жатыр