Жөндеу жүргізіліп, сүзгі орнатылды: Ұлытау облысы қысқа қалай дайындалып жатыр

Жезқазғандағы жылу орталығы 70 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлытау облысы қыстың қамына кісіріп кетті. Өңір алдағы жылыту маусымына 90 пайызға дерлік дайын. Осылай деген жауаптылар 70 жылдан бері жұмыс істеп, ескірген жылу электр орталығына жөндеу жүргізген. Одан бөлек, мамандар қыста будақтаған түтіннен бөлінетін ауадағы зиянды қалдықпен күресу үшін қазандықтарға арнайы сүзгілер орнатып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Облыс орталығы Жезқазғанда 6 қазандық жұртты қыстан аман алып шығуы тиіс. Мұндағы жылу орталығы 70 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Сондықтан орталыққа жөндеу жұмыстары жүргізілген.

«Қысқы мерзімге жылу дайындық бойынша 3 қазандықта ремонт бітірдік. Қазіргі таңда бізде екі қазандықта ремонт жүріп жатыр. Қазіргі таңда ЖЭО 86 пайызға дайын. Қысқы жылу мерзіміне 1 қазанға дейін 100 пайыз дайын болады», - деді Жезқазған ЖЭО операциялық директоры Ермек Жұмаханов.

Іргедегі Сәтбаев қаласы да қыстың қамына кірісіп кеткен. Шаһардағы 630-ға жуық көпқабатты тұрғын үйдің барлығы жылуға қосылуға дайын. Мұнда құбырлар жаңарып, бұл жұмыстарға облыстық және республикалық бюджеттен 2 млрд теңге бөлініпті.  

«Жаңа үлгідегі құбырлар салынды. Арнайы мекеме осы жылға кварталаралық құбырларды айырбастап, 22 шақырымға жуық құбырлар айырбасталынды. Қазіргі таңда 3-4 жылу магистральдары толығымен суға толтырылып, жуу процестері өтіп жатыр», - деді Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Ахмет Сыздыманов.

Әкімдіктегілер биыл қаланы былтырғыдай «қара қар» баспайды деп сендіріп отыр. Олар көмір қалдығынан туындайтын бұл экологиялық түйткілді шешуге шындап кіріскен сыңайлы. Осы мақсатта қазандықтарға арнайы сүзгілер орнатып жатыр.  

Соңғы жылдары сәтбаевтықтарды алаңдатқан, ауаның ластанып, қардың қарайып кетуіне бірден бір себеп болған мұржада биыл жағдай басқаша болатын сияқты. Қазандықтарға орнатылып жатқан фильтрлер — ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың мөлшерін айтарлықтай азайтатын көрінеді.

«Қосымша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қыста себепкер болған қара қарға байланысты 3 қазандықта газдарды тазарту жүйелеріне жаңадан эмульгаторлар орнатылып жатыр. Қазіргі таңда 2, 3 және 4-қазандықта орнатылды», - деді Сәтбаев қалалық жылу энергетика кәсіпорнының директоры Сәкен Қожабаев.

Айта кетейік, облыста жылыту маусымы жыл сайын 10 қазан деп бекітілген. Биыл да осы мерзім сақталады. Алайда жауаптылар егер күн күрт суып кететін болса жылу беруді бекітілген кестеден бұрын бастауға дайын екендерін жеткізді.

Алтынгүл Төлегенова, Ерасыл Ижанов, "Алматы" телеарнасы, Ұлытау облысынан

Оқи отырыңыз: Қазақстанда ұлттық нейрожелі платформасы іске қосылады

Новости партнеров