Алматылық студенттер Іле Алатауы ұлттық паркінде өткен экоакцияға қатысты

Іс-шара аясында тазалық жұмыстары жүргізіліп, экобелсенділер мен биологтардың қатысуымен ашық пікірталас өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай ұйымдастырылған іс-шараларға алматылық студенттер де атсалысты. Іле Алатауы ұлттық паркінде өткен акция барысында жастар қоршаған ортаны тазартуға үлес қосып қана қоймай, табиғатты қорғаудың ғылыми және кәсіби қырларымен де танысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Іс-шара аясында тазалық жұмыстары жүргізіліп, экобелсенділер мен биологтардың қатысуымен ашық пікірталас өтті. Табиғатты қорғау тақырыбында бейнероликтер мен фотосуреттер түсіріліп, жастардың экологиялық санасын қалыптастыруға басымдық берілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің маңызды тетігі саналады.

«Іле Алатау ұлттық паркінде 2025 жылдың басынан бастап «Таза Қазақстан» акциясы аясында 186 іс-шара ұйымдастырылып, өткізілді. Экологиялық акцияларға 42 мыңнан аса адам қатысты. Осы акция аясында 47 гектар жер аумағында 130 мың ағаш отырғызылды», - деді Іле алатауы ұлттық паркі бас директорының орынбасары Арқау Шантаев.

«Бүгін колледжіміздің ең белсенді жастары табиғатты тазалау ісіне атсалысты. Табиғатты таза қалпында болашақ ұрпаққа қалдыру – басты міндетіміз. Балалар табиғатқа, тазалыққа жақын болсын деген мақсатпен жылда осындай іс-шараларды өткіземіз»,- деді колледж директоры Айнұр Мұқажанова.

Оқи отырыңыз: Алматыда қайта өңделген пластиктен жасалған алғашқы ақпараттық тақтайша орнатылды

Новости партнеров