Қазір құрылыс жұмыстарының жартысынан астамы аяқталған
Алматының Ақжар шағын ауданында 89 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 45 шақырымнан асатын жол желісі жаңартылып, тұрғындарға қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру көзделген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Қазір құрылыс жұмыстарының жартысынан астамы аяқталған. Ал асфальттың үстіңгі қабатын толық төсеу қазан айына жоспарланған.
Қала әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс алаңына арнайы барып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Сондай-ақ шаһар басшысы Ақжар тұрғындарымен кездесіп, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, электр және ауыз сумен қамту, кәріз жүйесін дамыту мен аумақты абаттандыру мәселелерін талқылады.
«Көптеген мәселе көтерілді. Атап айтқанда, ауыз сумен қамту, кәріз жүйесі, көшелерді жарықтандыру және жолдардың жағдайы сөз болды. Жалпы, ауданымыздың күннен-күнге көркейіп келе жатқанын айтқым келеді. Жасыл желек көбейді, гүлдер мен ағаштар отырғызылды. Тамшылатып суару жүйесінің енгізілгені де көңіл қуантады. Біртіндеп болса да, даму бар», – деді Алматы қаласының тұрғыны Гүлзада Раисова.
Оқи отырыңыз: Ақпараттық жүйедегі қате мәліметке байланысты сот істі тоқтатты