Алматының Индустриялық аймағында 557 млрд теңгеге жүзден астам жоба іске асты

Дархан Сатыбалды Индустриялық аймақта орналасқан кәсіпорындардың қызметімен танысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Индустриялық аймақты кеңейтіп, жобалардың тиімділігін арттыруды тапсырды. Шаһар басшысы бұл аумақта кәсіпорындарды іске қосу ғана емес, олардың нақты экономикалық тиімділігін қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ мегаполис әкімі жұмыс істеп тұрған өндірістердің қуаттылығы мен жерді тиімді пайдалануға, инфрақұрылымды дамыту және жаңа инвесторларды тарту мәселесіне баса назар аударды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында Индустриялық аймақта орналасқан кәсіпорындардың қызметімен танысты. Шаһар басшысы әуелі ауыл шаруашылығы мен коммуналдық қызметтерге арналған полиэтилен құбырлары мен тамшылатып суару желілерін өндіретін зауытқа барды. Кәсіпорын өз өнімін Қазақстанмен қатар көршілес Ресей мен Қырғызстанға да жеткізіп отыр. Компания басшылығы Кавказ елдері мен Өзбекстан нарығына шығуды жоспарлап отырғанын да айтты. Әкім өнім түрлерін кеңейтіп, құбырларды суару және абаттандыру жүйесінде қолдану мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

«Біздің компаниямыз тамшылатып суару жүйелерін шығарумен айналысады. Біз сол арнайы құбырларды осы аумақта шығарамыз. Бұл - тамшылатып суару жүйесіндегі ең маңызды элемент. Ол үшін тиімді әрі заманауи технологияның бірін пайдаланамыз», - деді зауыттың бас директоры Мұрат Ақшалов.

Шаһар басшысы одан кейін сәулеттік қасбеттер, терезелер, витраждар мен әйнек пакеттер шығаратын зауытқа ат басын бұрды. Жылдық қуаты 475 мың шаршы метр өнім болатын кәсіпорын 275 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өнім еліміздің ішкі нарығында, әсіресе Алматы мен өзге де өңірлерде жоғары сұранысқа ие. Тұрақты тапсырыстарға қарамастан, әкім өндірісті кеңейтіп, инвестиция көлемін арттыруды және зауыт маңын көріктендіруді тапсырды. Сонымен қатар кәсіпорынға қосымша алаң бөлу мүмкіндігін қарастыру жүктелді.

«Біз бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейміз. Өндіріс орны заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда 3 желі жұмыс істейді. Олар - ПВХ бұйымдарын, алюминий бұйымдарын, шыны өндіру мен өңдеуге арналған желі», - деді комбинаттың директоры Марина Андреянова.

Сапар аясында қала басшысы бояу-жабын материалдарын шығаратын кәсіпорынның жұмысымен де танысты. Зауыттың жылдық өндіріс көлемі 10 мың 795 тонна, бұл - ішкі нарықтың шамамен 15%-ы. Әкім бұл өндірістің отандық өнімді дамытып, импорттық тәуелділікті азайтуда маңызды екенін атап өтті.

Мегаполис басшысы барған соңғы нысан - үлкен диаметрлі болат құбырлар шығаратын зауыт. Дархан Сатыбалды аталған кәсіпорын өнімін қаланың инфрақұрылымдық жобаларына енгізу жолдарын қарастырып, республикалық деңгейдегі ірі тапсырыс берушілермен әріптестік орнатуды тапсырды. Сондай-ақ, сапар соңында қала әкімі Индустриялық аймақ нақты өндірістік серпін беретін аумаққа айналуы тиіс екенін атап өтті.

«Қала әкімі Индустриялық аймақтағы инженерлік инфрақұрылымды дамытып, аумақты абаттандыру бойынша бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ жаңа жобалар мен инвестиция тарту ісі қаралды», - деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Әлішер Сатыбалдиев.

Айта кетейік, бүгінде Алматының Индустриялық аймағында 557,6 млрд теңгеге 118 жоба жүзеге асырылып, онда 15 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Ал биыл инвестиция көлемі 224,9 млрд теңге болатын тағы 14 өндірісті іске қосу жоспарланыпты.

Гүлмарал Изатқызы, Аида Иманәлі, Хангелді Ахметхан, Жайық Белғожаев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда Желтоқсан көшесінің бір бөлігі уақытша жөндеуге жабылады

Новости партнеров