Ұлытауда жемқорлардан қайтарылған қаржыға 11 әлеуметтік нысан салынып жатыр

Оның ішінде 7 жоба денсаулық сақтау саласына тиесілі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлытау облысында жемқорлардан қайтарылған 4 миллиард теңгеден астам қаржы ел игілігіне жұмсалып жатыр. Арнайы қорға түскен ақша есебінен қазір өңірде 11 әлеуметтік нысанның құрылысы қарқын алған. Оның ішінде 7 жоба денсаулық сақтау саласына тиесілі, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.  

Кеңгір ауылында отбасылық амбулаторияның іргесі қаланып жатыр. Мұнда бұған дейін медициналық мекеме болмағанын айта кету керек. Соның салдарынан ауыл тұрғындары дәрігер көмегін алу үшін Жезқазған қаласына сабылатын. Енді жағдай өзгереді. Қазір құрылысшылар нысанның ішкі әрлеу жұмыстарына кіріскен.

Бұл – тек бір ғана мысал. Ел қаржысын заңсыз иемденгендерден қайтарылған қаражат осындай әлеуметтік маңызы бар нысандарға бағытталып, халықтың тұрмысын жақсартуға жұмсалатынын баса айту керек.

«Арнайы қордың қаражаты межеге сәйкес игеріліп жатыр. Мысалы, 5 медициналық пункт және 2 дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Біреуі – Кеңгір ауылында. Қыркүйекке дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз», - деді Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ринат Алматов.

«Кеңгір селосының тұрғындары үшін қуанышты жаңалық бар. Осы уақытқа дейін біз емханаға Жезқазған қаласына баратын едік. Осыған дейінгі медпунктіміздің іші тар болған. Ішіне адам сыймай кететін еді. Енді жаңасы салынып бітсе, керемет болар еді», - дейді Кеңгір ауылының тұрғыны Айнаш Байболова.

Жаңаарқа ауданына қарасты Манадыр ауылында да жағымды жаңалық. Мұндағы 120 оқушы бұған дейін үш бөлмелі тар үйде білім алып келген. Енді олар жаңа мектепке көшпек. Ал Қаражал қаласындағы Теміржол шағынауданында 80 орындық заманауи оқу ордасының құрылысы қарқынды. Бұл – теміржол өткелінен өтіп, оқуға баратын балаларға оң септігін тигізбек. Айта кетейік, әлеуметтік нысандардан бөлек, қайтарылған қаржы есебінен Жаңаарқа ауданының екі ауылына да ауызсу құбыры тартылып жатқан көрінеді. Барлық жоба жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі деп жоспарланған.

«Тұрғындардың сұранысы бойынша 11 әлеуметтік нысан іріктеліп алынды. Қазіргі таңда сол әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілуде. Әлеуметтік нысандар аймақтарда орналасқандықтан аймақ прокурорлары үнемі қадағалау жүргізілуде. Құрылыс барысында бұзушылықтар анықталған жоқ», - деді облыс прокурорының аға көмекшісі Мирас Сәруар.

Медицинадан білімге, ауызсудан инфрақұрылымға дейінгі бұл жобалар – әділдіктің іс жүзінде жүзеге асуының айғағы. Ең бастысы – бұл игілік халыққа тиесілі.

Алтынгүл Төлегенова, «Алматы» телеарнасы үшін Ұлытау облысынан

Оқи отырыңыз: Алматының Индустриялық аймағында 557 млрд теңгеге жүзден астам жоба іске асты

Новости партнеров