Талас ауданына қарасты Арал мен Қайыр ауылындағы қос мектепт 1960 жылы салынған
Жамбыл облысында ауыл балалары 63 жыл бұрын салынған мектепте оқуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Талас ауданына қарасты Арал мен Қайыр ауылындағы қос мектепт 1960 жылы салынған. Білім ұясы бүгінге дейін күрделі жөндеу көрмепті. Ыңғайластырылған нысанда акт залы жоқ. Сондықтан іс-шара дәлізде өтеді. Спорт залы болмағандықтан, балалар ауладағы арам шөп басқан алаңда доп тебеді. Ал қыстыгүні бос кабинет болса ғана дене шынықтыру сабағы өтеді.
«Шатырдан су ағып, кейбір жері түсейін деп тұр. Едені сықырлап, шіріп тұр», – деді Ұшарал ауылдық округінің тұрғыны Мұхит Тұрмағамбетов.
Білім ұясының қабырғаларында жарықтар пайда болған. Ал ағаш едені әбден тозыпты. Мектептің әлі күнге көмірмен жылытылатыны тағы бар. Ал кабинет тапшы болғандықтан, мұндағы ұжым жаз бойы жылу жинап, жапсарлас ғимараттың құрылысын бастап кеткен.
«Жаңа терезелерін көрдіңіздер, қай жылы салынған ағаш терезе екенін бір құдай біледі? Ауыл тұрғындарына мың алғыс. Сол кісілер құлаған жерін сылап, керекті жерін жамап, балаларды оқытып жатыр», – деді Үшарал ауылдық округінің тұрғыны Қалбай Қадырбаев.
Ал аудан билігі ағарту ошағындағы құрылыстың заңға қайшылығы жоқ дейді. Тұрғындар мен мектеп ұжымы өз еркімен салса, тоқтата алмаймыз деп отыр. Керісінше, білім бөлімі демеушілер тауып, қажетті құрылыс материалдарын беруге әзір. Бірақ әзірге ауылда жаңа мектеп салынбайды
«Жаңа мектептің құрылыс жүріп жатыр. 2026 жылы пайдалануға беріледі. Ескі мектептердің барлығын жаңарту жоспарлануда. 2028-2029 жылдары бұл мектептердің барлығын жаңғырту жоспарға енген», – деді Талас аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Арапұлы.
Аймақта 2027 жылға дейін 66 ескі мектеп кезең-кезеңімен жаңғыртылмақ. Дегенмен бұл тізімде Қайырдағы ағарту ошағы жоқ. Сондықтан ауыл балалары ескі мектепте білім алуға әлі де мәжбүр.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан
Оқи отырыіыз: Жасанды интеллект: биыл 4 миллионнан астам оқушысы білім алады