Алматының Кімасар шатқалында Шренк шыршасы отырғызылды

Мамандардың айтуынша, жергілікті табиғи ортаға бейім ағаш түрлерін отырғызу тау экожүйесінің тұрақтылығын сақтауға ықпал етеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Кімасар шатқалында 1 500 түп Шренк шыршасы отырғызылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Экологиялық акцияға 200-ден астам адам қатысып, қаланың таулы аймағын көгалдандыруға үлес қосты. Қазан айында Алматы тауларында 4 мыңға жуық қылқанжапырақты ағаш отырғызылған.

«Бүгін қала әкімі, мемлекеттік қызметкерлер және қала жастары мен тұрғындары ағаш отырғызу рәсіміне қатысып отырмыз. Қаламыздың, еліміздің болашағына, экологиясына үлес қосып жатырмыз», –деді экологиялық жобаның жетекшісі Дулат Нәбиев.

Мамандардың айтуынша, жергілікті табиғи ортаға бейім ағаш түрлерін отырғызу тау экожүйесінің тұрақтылығын сақтауға ықпал етеді. Егілген көшеттердің жерсінуі мен өсуі тұрақты бақылауда болады. Табиғи аумақтарды қорғау, биологиялық әртүрлілікті сақтау және туризмді экологиялық талаптарға сай дамыту – Алматы тау кластері жобасының негізгі бағыттары. Сонымен қатар, мұндай бастамалар тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.

«Жастар мен қоғам өкілдерінің басын қосқан ауқымды экологиялық акция өтіп жатыр. Менің ойымша, игі бастамалар апта сайын ұйымдастырылып қана қоймай, алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табуы керек. Себебі бүгінгі таңда экологиялық бағыт – Алматы қаласын дамытудың басым бағыттарының бірі», – деді қоғамдық кеңес мүшесі Рустам Қайрыев.

Оқи отырыңыз: Алматыда «Жасыл аула» акциясы басталды: тұрғындар 10 түпке дейін ағаш көшетін тегін ала алады