Алматының Медеу ауданында жастарға арналған комьюнити-орталық ашылды

Ол заманауи үлгіде безендіріліп, бірнеше аймаққа бөлінген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Медеу ауданында жастарға арналған тағы бір комьюнити-орталық ашылды. Келер жылдың соңына дейін қала бойынша мұндай 16 заманауи кеңістік жұмыс істейтін болады. Шаһар әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданына жұмыс сапары барысында орталыққа барып, жұмысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Медеу ауданындағы жаңа комьюнити-орталық заманауи үлгіде безендіріліп, бірнеше аймаққа бөлінген. Онда психологиялық және заң көмегі, жұмысқа орналасу, кәсіптік бағдар беру, кәсіпкерлік мәселелері бойынша кеңес беріледі. Сондай-ақ жастардың идеяларын жеделдетуге арналған коворкинг-аймақ жұмыс істейді.

"Алматы қаласында 8 комьюнити орталық жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы төртеуін ашу жоспарланған, ал келесі жылы мұндай орталықтардың санын 16-ға  жеткіземіз деген жоспар бар. Осылай әр ауданда екі заманауи кеңістіктен болады", – деді Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек.

Жаңа орталықтың жұмысымен қала әкімі Ерболат Досаев танысты. Жас алматылықтардың ұсынысын іске асырып, оларға жайлы орта құруда мұндай орындардың рөлі ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ шаһар басшысы жұмыс сапары барысында Түрксіб ауданында ашылған жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне ат басын бұрды. "Жас Қанат" ықшамауданында бой көтерген ғимарат - Түрксібтегі алғашқы спорт нысаны.

"Бұл –жас спортшылар үшін де, қала тұрғындары үшін де керек нысан. Қолымыздан келгенше сіздерге қолдау көрсетеміз. Кешен қаламыз үшін аса қажет", – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

"Түрксіб ауданында мұндай ірі спорт нысаны жоқ. Сондықтан тұрғындар көбінесе өзге аудандарға, қала орталығына баруға мәжбүр болатын. Енді бұл ғимарат халық тығыз орналасқан "Жас қанат" ықшамауданында ашылды. Тәулігіне 600-ге жуық адам қабылдайды", – деді  Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жетекшісі Евгений Гарон.

Шаһар басшысы аудандарға жұмыс сапары аясында № 8 музыкалық мектепке де барды. Білім мекемесі жалпы ауданы 950 шаршы метр болатын жаңа ғимаратқа көшкен. Бұған дейін оқу ордасы № 98 жалпы білім беретін мектептің бір корпусында жұмыс істеген еді.

"640 балаға арналған. Ал мектепте қазір 1145 бала оқып жатыр. Мектеп үш блоктан құралған. Соның бір блогын 1981 жылдан бері № 8 музыкалық мектеп жалға алып отырған", – деді № 98 Жалпы білім беретін мектептің директоры Манат Әшірбекова.

Нәтижесінде № 98 мектептің жобалық қуаты 300 орынға ұлғайды. Жаз айларында ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, биыл қыркүйектен бастап бастауыш сынып оқушылары оқи бастады.

Айта кетейік, ауданда оқу орны тапшылығы 4 мың 300-ді құрайды. Бұл көрсеткішті төмендету мақсатында Медеу ауданының аумағында 2 мың орындық "Жайлы мектеп" салынып жатыр. Сондай-ақ тұрғын үй кешендерінің аумағында 1500 орындық 2 жекеменшік мектеп ашу жоспарланған. Одан бөлек, білім беру мекемелеріне 6 қосымша ғимарат салынып жатыр.

Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Алматыда №8 музыка мектебі жөнделген жаңа ғимаратқа ие болды

Новости партнеров