Алматының Наурызбай ауданында жаңа өрт сөндіру бөлімшесі ашылады

Алдағы уақытта тағы 6 арнайы көлік тұрағы және жеке құрамға арналған әкімшілік бөлім салынады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Наурызбай ауданында жаңа өрт сөндіру бөлімшесі ашылады. Құрылысы жүріп жатқан ғимарат 6 арнайы автокөліктің бір мезетте шығуына есептелген. Қазір нысанның іргетасы қаланып, монолиттік жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шұғыла шағынауданындағы бұл өрт сөндіру бөлімшесінің құрылысы былтыр маусымда басталған. Нысанға отқа төзімділігімен ерекшеленетін темірбетон материалдар қолданылып, тұрғызылған. Аумағы кең. Алдағы уақытта тағы 6 арнайы көлік тұрағы және жеке құрамға арналған әкімшілік бөлім салынады. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің сөзінше, аталған мекеме шамамен 90 мың тұрғынның және 400-ге жуық нысанның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. 

«Құрылыс жұмыстары 40 пайыз аяқталды. Өрт сөндіру бөлімшесі шамамен 90 адамға есептелген. Бөлімшенің өзіне бекітілген шағын аумағы болады, ол Наурызбай ауданының солтүстік бөлігін қамтиды. Қажет болған жағдайда көршілес аудандарға, тіпті Алматы облысының аумағына да көмекке жіберіледі», – деді ТЖД бастығының орынбасары Данияр Жүсіпов.

Айта кету керек, нысан аумағында қызметкерлер мен олардың отбасыларына арналған тұрғын үй де салынады. Бұл баспанада олар қызмет барысында тұра алады. Құрылыс барысымен Парламент мәжілісінің депутаттары да танысты. Олар мұндай пунктердің көптеп салынуы қарапайым халықтың қауіпсіздігі үшін өте қажет екенін айтты.

«Осы аудан үшін тағы бір бекет салынуы керек. Сонда толыққанды нормативті уақытта, 3-4 минуттың ішінде ең жақын обьектіге, ары кетсе 7-8 минутта жететіндей мүмкіндік болады. Мінекей, басқа ауданда құдай сақтасын өрт болатын болса, жету өте қиын екені анық. Сол себепті тағы да бір жер бөлініп жатыр, ол жерде де бекет салынады», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.

Жоспар бойынша құрылыс тамызда аяқталмақ. Нысан Алматы қаласы бойынша AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатыр.

Диана Тұрлыбек, Маржан Манапова, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Алматының сыртқы жарнамасы Оңтүстік-Шығыс Азия қалаларында пайда болды

Новости партнеров