Жарнамалық конструкциялар адамдар мен көлік көп жүретін орындарға орналастырылды
Сингапур мен Куала-Лумпур қалаларында Алматының туристік әлеуетін танытатын сыртқы жарнама орналастырылды. Жоба Алматы қаласы Туризм басқармасы мен жергілікті әуе компаниясы арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асып, қаланы халықаралық туристер үшін қызықты саяхат нүктесі ретінде насихаттауға бағытталған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жарнамалық конструкциялар адамдар мен көлік көп жүретін орындарға орналастырылды. Көрнекі материалдарда асқақ таулардың көркем көрінісі, табиғи көрікті жерлер мен Алматының айшықты бейнесі бейнеленген. Сондай-ақ, «Almaty» жазуымен бірге қалаға сапар шегуге, оның бірегей рухы мен ерекше атмосферасын сезінуге шақыратын үндеу берілген.
Бұл жарнамалық науқан Алматыны халықаралық нарықта таныту жолындағы жүйелі жұмыстардың жалғасы болды. Жергілікті компанияның еншілес бөлімшесі Алматы мен Куала-Лумпур арасында тікелей әуе рейстерін жүзеге асырып, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келетін туристер үшін қаланың қолжетімділігін арттырып отыр.
Науқан аймақтан келетін туристер санын арттырып, Алматының заманауи әрі қолжетімді туристік бағыт ретіндегі оң имиджін нығайтпақ.
Оқи отырыңыз: Алматыда заңсыз салынған тағы бір нысан сүрілді