Алматыны полиорталықты дамыту стратегиясы аясында метро желісін әуежай мен Алатау қаласына дейін кеңейту жоспарланып отыр
Алматы қаласының полиорталықты дамуы мегаполистегі көптеген мәселені шешуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Бас жоспарды түзету жобасы бойынша өткен қоғамдық талқылау барысында «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институтының басшысы Асхат Сәдуов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматыны 2040 жылға дейін дамытуға арналған Бас жоспар жобасына сәйкес, қалада «Тарихи орталық», «Шығыс қақпасы», «Батыс», «Оңтүстік-батыс» және «Солтүстік» сынды бес ірі полиорталық құру көзделген.
Спикердің айтуынша, бұл полиорталықтарда қала тұрғындары сауда жасау, бос уақытты тиімді өткізу және т.б. орталықтағыдай қызмет ала алады. Сонымен қатар, осы полиорталықтардың өзара тығыз байланыста болуы маңызды.
«Бүкілқалалық біртұтас жүйеге айналдыру үшін бес полиорталықты біріктіру керек», – деді Асхат Сәдуов.
Алматыны полиорталықты дамыту стратегиясы аясында метро желісін әуежай мен Алатау қаласына дейін кеңейту жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, спикер ЛРТ желісін дамыту жоспары жайлы айтты. Алдын ала жоспар бойынша жеңіл рельсті трамвай желісі болашақтағы «Барлық» метро бекетінен Төле би көшесі арқылы «Алматы-II» теміржол вокзалына дейін жетеді. Одан әрі ЛРТ желісі Райымбек даңғылы бойымен «Шығыс қақпасы» бағытына жалғасады. Кейін ЛРТ желісі оңтүстікке қарай тартылады.
Еске сала кетейік, Алматыда 2040 жылға дейінгі қала дамуын айқындайтын Бас жоспарды түзету жобасы бойынша қоғамдық талқылаулар өтіп жатыр.
Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан – шығыс пен батыстың арасындағы алтын көпір