Туристердің таңдауы – қазақтың ұлттық қолөнері
Алматы «Әлемдік қолөнер қаласы» мәртебесіне ие болды. Бұл атақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, мәдени туризмді дамытуға және отандық қолөнер брендтерін әлемге танытуға мүмкіндік береді. Кейінгі жылдары мегаполистегі қолөнершілер қауымдастығы жаңа даму кезеңіне қадам басты. Қазір қалада Қазақстан мен шетелден келген шеберлердің басын қосатын халықаралық фестивальдер, көрмелер мен жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылып келеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бүгін – Қолөнершілер күні. Бұл атаулы күн былтырдан бастап кәсіби мерекелер күнтізбесіне енгізілді. Шеберлер жыл сайын өндіріс көлемін арттырып келеді. Былтырғы мәліметке сәйкес, туристер Қазақстандағы шығындарының 23 пайызын кәдесыйлар мен ұлттық бұйымдарды сатып алуға жұмсаған.
Бұдан бөлек, 2025 жылы Астанада өткен халықаралық жиында 114 елден келген қонақтар төрт күн ішінде отандық қолөнершілердің 3 мыңға жуық бұйымын сатып алып, шеберлердің табысын 15 миллион теңгеге жеткізген. Әсіресе ұлттық музыкалық аспаптар, қамшы, ағаштан жасалған астаулар мен зергерлік бұйымдарға шетелдіктердің қызығушылығы жоғары болған.
«Әр турист басқа елге келгенде тек табиғатты немесе сәулет өнерін ғана тамашаламайды. Оларды біздің этникалық бұйымдарымыз да қызықтырады. Қазір бізде сапалы қолөнер бұйымдары мен кәдесыйлар көп. Туристер қазақстандық шеберлердің туындыларына ерекше қызығушылық танытады», — деді «Алматы қолөнершілер палатасы» қоғамдық қорының вице-президенті Дәмелі Жанашева.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, былтыр зергерлік бұйым өндірісі алдыңғы жылмен салыстырғанда 41 пайызға артқан. Сонымен қатар, биыл қаңтар-мамыр айлары аралығында былғары және одан жасалған өнімдердің өндіріс көлемі 36 пайызға өсті.
Алматы қолөнершілер палатасының мүшесі Есен Мұхтарұлы – ұлттық қолөнерді дәріптеп жүрген белгілі шеберлердің бірі. Ол қалалық және халықаралық көрмелерде өз қолымен жасаған туындыларын тұрақты түрде таныстырып келеді. Оның өнімдерінің шамамен 40 пайызы шетелдік тапсырыспен дайындалады. Шебер өз бұйымдарын негізінен Жапонияға, АҚШ-қа және Еуропа елдеріне жөнелтеді.
«Жұмыстарымды ағаш, мүйіз және металл сияқты табиғи материалдардан жасаймын. Мына бұйымда қазақтың керегесі, есігі, шаңырағы бейнеленген. Биыл сақтар мен скифтердің стилінде жаңа бұйымдар жасауды жоспарлап отырмын», — деді қолөнер шебері Есен Мұхтарұлы.
Қазіргі таңда жас ұрпақты қолөнерге баулу жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта шеберлік сабақтары, білім беру жобалары жүзеге асырылып, шығармашылық зертханалар ашылған. Мамандардың айтуынша, зергерлік және қолөнер өнері – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрінің жалғасы әрі ұлттық мәдени кодты сақтаудың маңызды тетігі.
Айдана Шалқар, Ғани Қалуов , «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Үкімет газға қолжетімділікті 80 пайызға дейін арттырмақ