Үкімет газға қолжетімділікті 80 пайызға дейін арттырмақ

Газ инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 40 жоба іске асады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде газға қолжетімділік 80 пайызға дейін артады. Бұл көрсеткішке жету үшін Үкімет 2035 жылға дейін жүйелі жұмыс жүргізеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде ел тұрғындарының шамамен 65 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті арттыру үшін газ инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріледі. Осы мақсатта биыл газ тасымалдау жүйесін жетілдіруге бағытталған 40 жоба жүзеге асырылады. Оның 33-і – жаңа жоба. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, әсіресе еліміздің солтүстік өңірлерін газдандыруға ерекше назар аударылып отыр.

«Қазақстан Республикасы Үкіметі мен "Газпром" жария акционерлік қоғамы арасында "Ишим – Астана" магистральдық газ құбырын салу жобасын іске асыру туралы меморандумға қол қойылды. Жобаны жүзеге асыру Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын сенімді газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдің солтүстік өңірлеріне табиғи газ жеткізу бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді», — деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Сонымен қатар, 2030 жылға дейін елімізде төрт жаңа газ өңдеу зауытын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Энергетика министрінің айтуынша, былтыр тауарлық газ өндірісі 27,4 млрд текше метрге жетсе, 2032 жылға қарай бұл көрсеткіш 35,5 млрд текше метрге дейін ұлғаяды. Өндіріс көлемінің артуына Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында жаңа газ өңдеу қуаттарының іске қосылуы ықпал етеді.

«2030 жылға қарай Қашаған кен орнында жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдейтін зауытты, сондай-ақ Қарашығанақта жылдық қуаты 5 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобалар газды қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға, газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және өңірлерді тұрақты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Оқи отырыңыз: Қостанайда жеке сектордың орнына көпқабатты тұрғын үйлер салынуы мүмкін