Арманымыз орындалды: Канье Уэст концерті көрерменге қандай әсер етті

Алматылық шоу үшін қалаға жүз тоннадан астам техникалық құрал-жабдық жеткізілген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда әлемдік шоу-индустрияның назарын аударған ауқымды концерт өтті. Орталық стадионға жиналған мыңдаған көрермен 2 сағатқа жуық Канье Уэстің ерекше кешін тамашалады. Стадион ортасындағы алып сфера, жарық пен пиротехникалық эффектілер кештің басты ерекшелігіне айналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Стадиондағы жарық сөніп, алып сфераның ішінен Канье Уэст көрінді. Көрермен көз алдында музыкант биіктеп, сахнадан жоғары көтерілді. Өнерпаздың қозғалысы арнайы сақтандыру тросы арқылы қамтамасыз етілген. Осылайша, концерттің басты декорациясы негізгі атрибутқа айналды.

Айта кетейік, алматылық шоу үшін қалаға жүз тоннадан астам техникалық құрал-жабдық жеткізілген.

«Канье Уэст концертіне Шымкент қаласынан келдім. Концерт өте жақсы болды. Маған қатты ұнады. Ең қатты ұнататын әнімді бәріміз бірге шырқадық», – деді қала қонағы Нұрай Құдайберген (Шымкент).

. «Әлемдік жұлдыздар Алматы қаласына келіп, концерт беріп жатқаны қатты қуантады. Алматы қаласы әкімдігіне көп рақмет!» – деді қала тұрғыны Талғат Рақым.

«Дәулет баламның арманы – концертке кіру, көру. Арманын орындайық деп Астанадан 2 баламмен келдім», – деді қала қонағы Динара Сәменова  (Астана).

Кештің техникалық ауқымы көрермен кірген сәттен-ақ байқалды. Стадионға келушілер үшін үш жақтан 40 кіреберіс ұйымдастырылды. Әрбір көрермен бақылау бекетінен өтіп, аумаққа тек билет арқылы кіргізілді. Ондаған мың адам жиналған аумақта төтенше жағдайға жедел әрекет етушілер де кезекшілік етті.

«Концертте ерікті қызметін атқардым. Халықаралық деңгейдегі концертте ерікті болу мен үшін үлкен жауапкершілік деп айтқым келеді, жұмысымнан үлкен тәжірибе алдым.  Осындай деңгейдегі әртістерді алдағы уақытта да өз елімізде көргіміз келеді. Ерікті болып жұмыс жасауға қуана-қуана келісетін едім», – деді ерікті Жанель Қасымова.

 Концерт сағат 21:00-де басталды. Ал көрермендерді стадион аумағына кіргізу төрт сағат бұрын басталған.

Айта кетейік, аталған кеш ауа райына байланысты бір күнге кейінге шегерілген. Соған қарамастан, келушілер шоуды соңына дейін тамашалады. Концерттен кейін алматылық жастар «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында тазалық жұмыстарына шықты.

Айжан Дайрабай, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Тазалық мәдениеті: алматылық жастар Канье Уэстің концертінен кейін Орталық стадион аумағын тазалады