Сағат 17:00-де басталған іс-шара сағат 23-00-ге дейін жалғаспақ
Астана алаңында таңертең басталған іс-шаралар легі әлі де жалғасуда. Қала күніне орай «Aspan FM» музыкалық фестивалі өтіп жатыр. Мерекелік концертті Алматы әкімдігі мен көптің сүйіп тыңдайтын радио ұжымы ұйымдастырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айнала жаңғырған музыка, көтеріңкі көңіл-күй, ән мен би кештің көркін қыздыруда. Әртістер өз өнерін паш етпес бұрын ең алдымен қызыл кілеммен жүріп өтіп, жиналған қауыммен жүздескенін айта кетейік.
Сахна саңлақтары өз репертуарындағы танымал туындыларын орындап, жиналған жұрттың делебесін қоздырып жатыр. Қала тұрғындарына осылай керемет кеш сыйлап жатқан өнер жұлдыздары барша қауымды мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
«Алматыға деген махаббатым, жалпы репертуарымдағы мені танымал еткен, халыққа көрсеткен әндер ол – кездесу мен қоштасу.
«Сенсіз арман бекер ғой
Көңіліммен сырласу.
Өмір заңы екен ғой
Кездесу мен қоштасу»
Қазір Астанада тұрамын. Кездесу мен қоштасу дәл осындай тойда болсын!», – деді әнші, композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Құрмаш Маханов.
«Алматы – еліміздің ең бір бетке ұстар қаласы. Сондықтан Алматы қалай жарқырап-жайнап тұратын болса, бүкіл қазақ елі солай жайнайды деген ойдамыз», – деді әнші, кинопродюсер Бағлан Әбдірайымов.
«Алматы тұрғындарын, қонақтарын мерекемен құттықтаймын!. Жолдарыңыз ашық болсын. Еліміз, жұртымыз аман болсын. Әр шаңырақта қуаныш, жақсылық бола берсін!» – деді әнші Ақбота Керімбекова.
Сахнада Қайрат Нұртас, Музарт, Бүркіт пен Аиша, Медеу Арынбаев секілді эстрада жұлдыздары ән шырқауда. Сағат 17:00-де басталған іс-шара сағат 23-00-ге дейін жалғаспақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қаладағы мәдени іс-шаралардың бәрінде 2 мыңдай әртіс өнер көрсетуде.
Ал қала тұрғындарының мерекені асыға күткені байқалады. Таңмен таласа концертті көруге келген алматылықтар әлі де фестивальді тамашалап жүр. Отбасымен, туыстарымен, дос-жарандарымен келген жұртшылық Алматыға деген махаббаты ерекше екенін айтты.
«Өзіміз де, балаларымыз да көңілдіміз. Әрине, бірінші елдің амандығын тілейміз. Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әр үйде береке бірлік, ынтымақ болсын. Туған қаламыз дами берсін, көркейе берсін. Осындай қуанышты күндер көп болсын!» – деді қала тұрғыны Индира Әлімжанова.
«Жанұямызбен келдік. Таңертең Президент паркінен бастағанбыз. Жақсы көңіл-күйдеміз, балалар да риза. Алматы күнімен алматылықтарды құттықтаймыз», – деді қала тұрғыны Думан Абайұлы.
Айта кетейік, мерекелік концерттің негізгі бал-қаймағы – «Қайрат» футбол командасының балалар хоры болмақ. Олар әйгілі әртістермен бірге өнер көрсетеді.
Қала күніне орай барлық ауданда 200-дей іс-шара өтті. Ал орталық алаңдардың барлығында үлкен сахналар құрылып, түрлі концерттер мен фестивальдер ұйымдастырылды. Олардың барлығын қала халқы тегін тамашалай алды. Ал Астана алаңындағы кеш әлі де жалғаса бермек.
Биыл да қала күні – әрбір алматылық үшін жүрекке жылы, отбасылық мерекеге айналды. Мың бояулы ару қала – Алматымыз жасай берсін!
Оқи отырыңыз: Kitap Fest 2025: Алматы күнінде 10 мыңнан аса кітап сатылды