Алматы қаласында санитарлық жағдайды жақсарту мақсатында 786 ескі контейнерді ауыстыру және 2000-нан астам жаңа тереңдетілген контейнер орнату жоспарлануда
Алматыда «Жарқын күз» акциясы – «Алматы – біздің ортақ үйіміз» атты күзгі экологиялық науқан аясында ірі көлемді қоқысты белгіленбеген орындарға дұрыс тастамау фактілері бойынша абаттандыру ережелерін бұзушыларды анықтау жұмыстары күшейтілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ай басынан бері Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы қызметкерлері Полиция департаментімен бірлесіп жүргізген рейдтік іс-шаралар барысында 20-дан астам ереже бұзушы анықталып, оларға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 505-бабына сәйкес 10-20 АЕК көлемінде айыппұл салынған әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Айта кету керек, Алматы қаласының абаттандыру ережелеріне сәйкес кәсіпорындар, мекемелер және жеке тұлғалар ірі көлемді қоқысты өздері шығарып немесе қоқыс шығаратын ұйымдармен келісімшарт жасасуы тиіс.
Жөндеу жүргізіп жатқан немесе ірі көлемді қоқысы бар тұрғындар қоқысты шығару үшін арнайы ұйымдарға жүгінуі немесе қоқысты Алматы облысының Іле (Алматы-Өскемен тасжолы, 34/1) және Қарасай (Айтей ауылы, 144-есептік квартал, 4690 ) аудандарында орналасқан полигондарға өздері жеткізуі қажет.
Естеріңізге сала кетейік, 2024-2025 жылдары Алматы қаласында санитарлық жағдайды жақсарту мақсатында 786 ескі контейнерді ауыстыру және 2000-нан астам жаңа тереңдетілген контейнер орнату жоспарлануда. Бұл контейнерлер қоқыс жәшіктері алатын аумақты азайтуға, жағымсыз иістердің таралуын болдырмауға және жануарлардың қоқысқа қол жеткізуін шектеуге мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Алматыда контейнерлік алаңдарды санитарлық өңдеу жұмыстары күшейтілді