Жол-көлік оқиғасы көбейген: Жамбыл облысында 332 лауазымды тұлға жауапқа тартылды

Полиция департаменті аймақтағы автожолдарға 2700-ге жуық тексеріс жүргізген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында жолдағы шұңқыр мен істен шыққан бағдаршамдар үшін 332 лауазымды тұлға жауапқа тартылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олар белгілерді орнатпай, теміржол өткелдерін жөндеуді ұмыт қалдырған. 24 маманның жауапсыздығынан өңірде жол-көлік оқиғалары жиілеген. Аталғандардан бөлек, тағы 69 лауазымды тұлға жұмысына селқос қарағаны үшін айыппұл арқалады. Жауапқа тартылған тұлғалар ішінде әкімдік қызметкерлерінен бөлек, «ҚазАвтоЖол» мамандары да бар.

Айта кетейік, полиция департаменті аймақтағы автожолдарға 2700-ге жуық тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 12 мыңнан аса ақау анықталған. Ескерту берілгеннен кейін, өңірде ережеге сай 1300 жаңа жол белгісі орнатылды. Оған қоса 11 мың шаршы метр шұңқырларға жөндеу жүргізілді.

"Жол-техникалық инспекция қызметкерлері берген нұсқамаларды орындамағаны үшін Тараз қаласы әкімдігінің, Т. Рысқұлов және Меркі аудандарының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімдерінің лауазымды тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.

Оқи отырыңыз: Жамбылда 28 жастағы тұрғыннан есірткінің үлкен партиясы тәркіленді

 

Новости партнеров