Алматыдағы зиянды шығарындылардың 60 пайыздан астамы автокөлікке тиесілі: қоғамдық көлікті дамыту – экологиялық басымдық

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына енгізілетін түзетулердің стратегиялық экологиялық бағалауына арналған қоғамдық тыңдаулар жалғасып жатыр. Талқылау барысында сарапшылар атмосфералық ауаның ластануына әсер ететін негізгі факторларды талдау нәтижелерін ұсынып, экологиялық ахуалды жақсартудың басым бағыттарын атады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қазақстан Экологиялық аудиторлар палатасының Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша өкілдігінің басшысы Әсет Тазабеков Алматыдағы автокөліктің ауа сапасына әсеріне қатысты мәліметтерді ортаға салды.

Оның айтуынша, 2025 жылы наурыздағы жағдай бойынша қалада 650 017 автокөлік тіркелген. Бұған қоса, Алматыға күн сайын еліміздің өзге өңірлерінен шамамен 250 мың автокөлік кіреді. Соның нәтижесінде автокөліктерден бөлінетін зиянды заттардың жылдық көлемі 116,5 мың тонна болып, олардың шаһардағы жалпы шығарындылардағы үлесі 60,6 пайызға жеткен.

Сарапшының айтуынша, экологиялық бақылау аясында автокөліктердің көміртек тотығының мөлшері мен пайдаланылған газдарының түтінділігіне қатысты 227 538 тексеру жүргізілген.

«Тексеру нәтижесінде 24 793 жағдайда белгіленген нормативтердің сақталмағаны анықталды. Бұл тексерілген автокөліктердің жалпы санының 11 пайызы. Көміртек тотығының мөлшеріне жүргізілген 184 740 өлшеудің 21 160-ында рұқсат етілген шектен асып кету тіркелді. Ал жалпы 206 237 тексерудің қорытындысы бойынша 34 606 экологиялық талаптың бұзылу дерегі анықталды», – деді Әсет Тазабеков.

Оның мәліметінше, бензин және газбен жүретін автокөліктер арасында тіркелген нормативтен асып кету жағдайларының ең жоғары үлесі Алматы облысына 46 пайыз, ал Алматы қаласына 33 пайыз тиесілі.

Атмосфералық ауаның ластануында автокөліктің шешуші рөл атқаратынын PhD докторы, биотехнолог-ғалым Гүлнәр Жүнісова да растады.

«Жүргізілген талдау нәтижесі атмосфераға таралатын зиянды шығарындылардың шамамен 60 пайызы автокөлік үлесіне тиесілі екенін көрсетті. Осыған байланысты көлік саласы экологиялық реттеудің негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Сондықтан қоғамдық көлік жүйесін дамыту қала үшін бірінші кезектегі экологиялық міндеттердің бірі», – деді Гүлнәр Жүнісова.

Қаланың көлік жүйесін дамытудың негізгі бағыттарының бірі – рельсті көлік инфрақұрылымын кеңейту. 2040 жылға қарай метро желісінің ұзындығын қазіргі 13,4 шақырымнан 50,6 шақырымға дейін, яғни төрт еседен астам ұлғайту жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта «Қалқаман» метро бекетінің құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар «Барлық» көлік-логистикалық торабына дейін тағы үш станция салуға дайындық жүргізіліп жатыр.

Ұзындығы 18 шақырым болатын LRT желісінің бірінші кезеңінің құрылысы да басталды. Бағыт Бауыржан Момышұлы көшесі, Төле би көшесі және Абылай хан даңғылы арқылы өтеді. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 42 шақырым болатын екі SkyTrain желісін іске қосу жоспарланған.

Оқи отырыңыз: Алматыда өсіп келе жатқан қала үшін жаңа сумен жабдықтау көздері салынып жатыр