Алматыда өсіп келе жатқан қала үшін жаңа сумен жабдықтау көздері салынып жатыр

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда стратегиялық экологиялық бағалау аясында қаланың Бас жоспарына енгізілетін түзетулер бойынша қоғамдық тыңдаулар өтіп жатыр. Басқосудың негізгі тақырыбы – қаланы экологиялық тұрғыдан орнықты дамытуға бағытталған даму сценарийі, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Тыңдау барысында Алматы қаласы Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрбақыт Серікбай энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың негізгі бағыттарын таныстырды. Оның айтуынша, негізгі міндеттердің қатарында саланы цифрландыру, су ресурстарын ұтымды пайдалану, электр көлігіне арналған инфрақұрылымды дамыту және қаланың орнықты дамуына ықпал ететін жобаларды жүзеге асыру бар.

Талқылау барысында тұрғындар халық санының артуы мен тұрғын үй құрылысының қарқынды жүруіне байланысты Алматыны ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды.

Қойылған сұрақтарға жауап берген Нұрбақыт Серікбай сумен жабдықтау жүйесін дамыту жұмыстары 2040 жылға дейінгі ұзақ мерзімді жоспар аясында жүргізіліп жатқанын айтты.

«Бүгінде сумен жабдықтау мәселесі ең алдымен Наурызбай ауданында және Бостандық ауданының кей бөлігінде өзекті болып тұр. Су тапшылығының алдын алу үшін жаңа су алу нысандарын, сүзгі станцияларын салу, қолданыстағы су көздерінің қуатын кеңейту және инженерлік желілерді жаңғырту бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр», – деді басқарма басшысы.

Оқи отырыңыз: Алматыда жастарға Конституцияның жаңа нормалары азаматтардың өміріне қалай әсер ететіні түсіндірілді