Азаттықтың ақ таңына тағзым: Алматыда салтанатты іс-шара өтті

Жиынға еліміздің мәдениет, әдебиет және ғылым саласының көрнекті өкілдері қатысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Республика күніне арналған «Азаттықтың ақ таңына тағзым» атты салтанатты іс-шара өтті. Егемендік пен елдік рухты ұлықтаған бұл жиынға еліміздің мәдениет, әдебиет және ғылым саласының көрнекті өкілдері қатысты. Басқосуда ел еңсесін көтерген тарихи сәттер сараланып, тәуелсіздік жолындағы қажырлы еңбектің қадірі айрықша айтылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматыда салынғанына жетпіс жылға жуықтаса да, ел жадындағы ең бір маңызды кезеңдердің куәсі болған ғимарат осы. Кезінде Қазақ КСР Компартиясының Орталық комитеті дәл осы жерде жұмыс істеген. Ал 1990 жылдың 25 қазанында ел тағдырын айқындаған тарихи құжат — Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданған болатын. Бүгінде сол тарихты еске алып, тәуелсіздіктің қадірін ұлықтаған «Азаттықтың ақ таңына тағзым» атты жиын өтіп жатыр. Іс-шараға қоғам қайраткерлері, тарихшылар мен жастар жиналып, егемен елдің еңселі жолын талқылап жатыр.

Кеш шымылдығын белгілі ғалым, профессор Кенжехан Матыжанов ашып, азаттықтың мәні мен бүгінгі ұрпаққа артылған аманат жайында жүрекжарды сөз сөйледі. Артынша сөз алған қалалық мәдениет басқармасының басшысы Республика күнінің ұрпақтар сабақтастығын нығайтудағы айрықша орнын тілге тиек етті.

«Республика күні осыдан 35 жыл бұрын арнайы декларация қабылданған болатын. Ол декларация дәл осы жерде, дәл осы шаңырақта қабылданған болатын. Ұрпақтар сабақтастығы мақсатында сол кезде қызметтегі ел ағаларымен, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен, зиялылармен осы күннің мән-мағынасын таныстыру мақсатында осындай кездесу ұйымдастырып жатырмыз», - деді Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев.

Маңызды басқосуда еліміздің әдебиет майталмандары да сөз алды. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов тәуелсіздік жылдарындағы қазақ руханиятының өркендеуіне тоқталды. Ал ақын Ұлықбек Есдәулет елдік пен ерлікті жыр еткен шақтарын еске алып, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін тереңнен толғады.

«Біздің Алматыдай керемет қалада қазақтың тәуелсіздік, егемендік алғаннан кейінгі бүкіл тарихы осы жерде өтті. Тәуелсіздік те осында жарияланды, егемендік жөніндегі мәлімдеме де осында қабылданды. Сондықтан Алматының барлық жасы Республика күнін өзінің ең қасиетті күні деп санауы керек», – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов.

«Бұл күннің маңызы айрықша. “Үйлену оңай, үй болу қиын” дегендей, мемлекетті жариялап, тәуелсіздігін алғаннан кейін оны сақтап, дамыту – екінші, әлдеқайда жауапты міндет. Сондықтан бұл жауапкершілік біздің де, бізден кейінгі жастардың да мойнындағы парыз болып қала береді», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ұлықбек Есдәулет.

Егемендік декларациясы қабылданған ғимаратта өткен басқосу жас ұрпаққа өткеннен өнеге алып, болашаққа сеніммен қадам басудың маңызын айқындады.

Мәди Мәлік, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Республика күніне орай Алматы әкімі Президент атынан мемлекеттік наградалар табыстады

Новости партнеров