Баспана, жер және орталық жұмысы: Дархан Сатыбалды тұрғындардың жеке мәселесін бақылауға алды

07.10.2026 16:27

Түйткілдер арасында білім беру орталығының жұмысына қатысты шағым да айтылды

Биыл Алматыда мемлекеттік қолдау шаралары аясында 4051 пәтер қолданысқа берілді. Ал 1200-ден аса баспананы «Алматы жастары» бағдарламасының қатысушылары сатып алған. Жалпы жыл соңына дейін 11 мың пәтер халық игілігіне үлестірілмек. Қоныс тойын күтіп жүргендер мен тұрғын үй түйткілдерін айтып келгендерді қала әкімі Дархан Сатыбалды жеке қабылдап, жағдайды бақылауға алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда тұрғын үй бағдарламасының алғашқы екі кезеңі аяқталып, 2,5 мыңнан аса отбасы қоныс тойын тойлады. Қазір пәтерлерді бөлу жұмыстары жалғасып жатыр. Ал төртінші кезеңде Мәдениет шағынауданында баспана кезегінде тұрған азаматтарға 1000 пәтер беру жоспарланып отыр.

Қала әкімі Дархан Сатыбалдының жеке қабылдауына келген тұрғындар үй мәселесімен қатар, жалға берілетін баспананы жекешелендіру, мүлік иелері бірлестіктерінің жұмысы мен көпқабатты үйлерге қызмет көрсету жөнінде сұрақтар қойды. Өтініштердің ішінде жер теліміне қатысты да түйткіл болды. Жүздесуге келген қала тұрғыны жер учаскесін заңдастыру кезінде қиындықтарға тап болғанын айтты.

«Менде жер мәселесі болған. Анамның 40 жылдан аса гинеколог-дәрігер болып жұмыс істеп, талай сәбиді дүниеге әкелді. Сол кісінің өтініші бойынша 2006 жылдан бері жер мәселесі көтердік. Ол кісі үнемі жұмыста болғанына байланысты осы уақытқа дейін жерін заңдастыра алмаған. Алла бұйыртса, алдағы уақытта көмектесеміз деп уәде берді», – деді қала тұрғыны Сымбат Әлімқұлова.

Шаһар басшысының жеке қабылдауына келген тұрғындар баспана мен жер мәселесін ғана көтерген жоқ. Түйткілдер арасында білім беру орталығының жұмысына қатысты шағым да айтылды.

«Менің мәселем – Tesla Education білім беру орталығына қатысты. Олар көптеген ата-ананы алдап, қомақты қаржы жинады. Оқу курстары балаларды ҰБТ-ға дайындауға және мектеп пәндерін меңгеруге арналған еді. Алайда Алматы мен Астана қалаларында 4 мыңнан аса адам зардап шекті. Сол үшін көпшілігі банктен несие рәсімдеген, кейбірі ақшаны қолма-қол төлеген. Бірақ ешқандай сабақ өтілмеген, тиісті қызметтер ұсынылмаған», – деді қала тұрғыны Ольга Головинова

Жеке қабылдауда тұрғындар сондай-ақ қалалық ұйымдардың жұмысы мен көпқабатты үйлерді күтіп-ұстау секілді түйткілдерді де көтерді. Кездесу соңында шаһар басшысы жауаптыларға бірқатар мәселені бақылауға алуды тапсырды. Ал өтініштер қажетті шаралар қабылдау үшін тиісті басқармаларға жолданды.

Аяулым Көлжігіт, Адель Ақжаркенова, Жақсылық Тілепберген, Ғани Қалуаов

Оқи отырыңыз: Алматыда субұрқақтар қысқы кезеңге кезең-кезеңімен өшіріліп жатыр

Толық көрсету