Батыр рухына тағзым: Алматыда Бауыржан Момышұлына арналған монумент ашылды

Ескерткіштің қақ ортасында батырдың мүсіні бейнеленіп, өз нақыл сөзі қашалып жазылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы №5571 әскери бөлімінде Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының құрметіне монумент ашылды. Тағылымды іс-шара халқымыздың біртуар перзентінің 115 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Ардагерлер, күштік құрылым өкілдері мен батырдың ұрпақтары бас қосқан жиында ерлік пен елдікке тағзым етіп, жауынгерлердің есімі ұлықталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Еңселі монумент даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойына орай бой көтерді. Салтанатты рәсімде лентаны Ұлттық ұлан "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Талапкер Әміреев пен батырдың келіні Зейнеп Ахметова қиып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Артынша жиналғандар ерлік пен елдіктің символына айналған тарихи тұлғаның рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.

«Халық "Өткенін ескерген – өскендіктің белгісі, Өткенін ұмытқан – өшкендіктің белгісі" дейді. Құдайға шүкір, өсіп-өніп жатырмыз. Жоғымызды тауып жатырмыз. Ұмытылғанның бәрін еске алып жатырмыз. Міне, бүгін де – сол тарихтың бір айтулы күні. Бұл – ұрпақ үшін, өсіп жатқа қазақтың ұландары үшін керек дүние», - деді Б. Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова.

Ескерткіштің қақ ортасында батырдың мүсіні бейнеленіп, өз нақыл сөзі қашалып жазылған. Оң қанатында 1995 жылы Тәжік-ауған шекарасындағы бітімгерлік миссияда қаза тапқан 17 жауынгердің, сол қанатында Ақтөбе терактісінде ерлікпен көз жұмған сарбаздардың есімдері жазылған. Жобаны жүзеге асыруға елдегі жетекші банктердің бірі демеушілік көрсетіпті.

«Осындай маңызды оқиғаға өз үлесімізді қосқанымызды мақтанышпен айтқымыз келеді. Бұл монумент -  ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлы мен барша батырлардың ерлігіне деген тағзымның белгісі. Енді осы ескерткіштің алдында Ұлттық ұлан сарбаздары рухты бойына сіңіріп, елге қызмет етуге серт беретін болады деп сенеміз», - деді қаржы ұйымының өкілі Ерген Марат.

Іс-шара соңында бірқатар тұлғаға Бауыржан Момышұлы атындағы "Батыр шапағаты" медалі табысталды. Марапат ең алдымен Зейнеп Ахметоваға тапсырылды. Сонымен қатар ерлік мұрасын ұлықтауға үлес қосқан ардагерлер мен ескерткіш жобасына демеушілік жасаған қаржы ұйымының қызметкерлері де осы құрметке ие болды. Жиын соңында әскери бөлім оркестрінің орындауындағы патриоттық әндер шырқалып, көпшілікке жігер сыйлады.

Мәди Мәлік, Ялкунжан Әшімжанұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Құрбан айт: Алматыда мал сойып-таратуға арнайы 12 мешіт белгіленді

Новости партнеров